Қарағанды облысында аязда жолда қалған екі автобус жолаушылары құтқарылды

11.12.2025 18:46

Полиция қыс мезгілінде ұзақ сапарларға шығудан бас тартуға кеңес береді

Қарағанды облысында үскірік аязда жолда қалған екі автобусқа шұғыл көмек көрсетілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Балқаштан 25 шақырым жерде Шымкентке бағыт алған автобус бұзылып, жолда қалған. Қоғамдық көлікте 22 жолаушы болыпты. Шұғыл көмекке келген құтқарушылар  адамдарды жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізді.

Сол сияқты тағы бір автобус Қарағанды – Шідерті тасжолында діттеген жеріне жете алмай қалған. Қатты суықтан дизель отыны қатып, көлік істен шыққан көрінеді. Осылайша ақ қар, көк мұзда далада қалған 15 жолаушы мен екі жүргізуші құтқарылды.

Ал оқиға орнына тез арада жеткен полиция қызметкерлері адамдарды Майөзек ауылындағы жылы автокемпингке жайғастырды. Зардап шеккен ешкім жоқ.  

«Қарағанды облысы патрульдік полиция батальоны қыс мезгілінде ұзақ сапарларға шығудан бас тартуға кеңес береді. Жүргізушілерге жолға шықпас бұрын көліктерінің техникалық жағдайына көз жеткізу қажет. Жолаушыларға жылы киініп жүру керек екені ескертіледі. Қолайсыз ауа райы кезінде мүмкін болса сапардан бас тартқан дұрыс», - деді облыстық патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Әбілқас.

Оқи отырыңыз: Алматыда тағы үш қар еріту пунктін салу жоспарланып отыр