Оқиға салдарынан тағы 3 адам ауруханаға жеткізілген
Қарағанды облысында жүк пойызы жол бригадасының төрт жұмысшысын қағып кетті. Өкінішке қарай, жұмысшылар қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жантүршігерлік жағдай Шет ауданына қарасты Қаражыңғыл стансасының темір жолында болған. Еңбеккерлер аумақта жоспарлы рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан екен. Машинист тежегішті шұғыл басқанымен, тонналап жүк артқан пойызды тоқтату мүмкін болмаған көрінеді.
Оқиға салдарынан тағы 3 адам жарақат алды. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «жұмысшылардың жағдайы қазір бірқалыпты» деп мәлімдеді. Апат себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
«Көліктегі полиция департаментімен темір көлігімен қозғалыс ережесінің бұзылуы салдарынан екі немесе одан көп адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір уақытта орын алған оқиғаның себептері мен салдарын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Қайбар.
Оқи отырыңыз: Пойыз басып кетті: Қарағанды облысында рельс ауыстырып жатқан 4 жұмысшы қаза тапты