Олар қарақшылық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 19 қарашада алдын ала сөз байласып, қарақшылық шабуыл жасаған төрт адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Олар ҚР ҚК-ның 192-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы қарақшылық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, төрт сотталушы алдын ала өзара сөз байласу арқылы әрекет еткен: рөлдерді бөлісе отырып, адам көзінен таса орынды таңдап, бетперде мен қайырылмалы бас киім киіп, жәбірленушіге шабуыл жасаған. Сот талқысы барысында сотталушылар жәбірленушінің қараңғы уақытта, адам аз жүретін жерде жалғыз жүргенін байқап, қылмыстық ниетті кедергісіз жүзеге асыруға болады деп бағалаған.
Шабуыл кезінде олар жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданып, оның мүлкін тартып алған. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
Прокурор мен жәбірленуші сотталушыларға ҚК 192-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Сотталушылар мен олардың қорғаушылары бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Жазаны тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген істеріне өкінуін, сотталушылардың жас ерекшеліктерін, жағымды мінездемелерін, сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген залалды өз еркімен өтеулерін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Жасалған қылмыстың ауыр санатқа жататынын, жәбірленушінің орта дәрежелі зиян шеккенін, қылмыстың қоғамдық қауіптілігін, сондай-ақ жеңілдететін мән-жайларды, ауырлататын мән-жайлардың болмауын және жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот әрбір сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде пара берген мектеп директорларына сот үкімі шықты