Референдумға дейін:
22
күн
3
сағат
44
минут

Қарасай ауданында егде жастағы әйелді қаңғыбас ит талап тастады

 Адам талаған төбеттердің иесі алпыстағы азамат 37 ит асырап келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қарасай ауданында егде жастағы әйелді бір топ қаңғыбас ит талап тастады. Салдарынан басы жарылып, балтыры жұлмаланған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл қорқынышты кадрлар Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Учитель саяжайында болған. 52 жастағы Ольга Коротченконы 20-ға жуық ит өлімші етіп талап тастаған. Абырой болғанда зардап шеккен әйелді куәгерлер құтқарып қалыпты.

«Біз оны әрең көтеріп әкелдік. Жол-жөнекей есінен танып қала жаздады. Зираттан келе жатқан көрінеді. Жақында ғана ұлын жерлеген. Қырық күндігі өтті. Үстіндегі киімін шешкенде, арқасында тістелген жаралар болды. Басынан да жарақат байқалды. Шалбарын кесуге тура келді. Аяғы қатты зақымданып, балтыр тұсының еті жұлынғанын көрдім», – деді саяжай тұрғыны Екатерина Андропова.

Жергілікті жұрттың айтуынша, ауыл аумағында қаңғыбас иттер қаптаған. Ал жалғызбасты әйелге тап берген төбеттер көршісінің үйінен шыққан көрінеді. Бірнеше жыл бұрын көшіп келген ер адам үйін төрт аяқтыға толтырған. Бүгінде көршілері оның басқа жаққа көшуін талап етіп отыр. 

«Бір адамның қапқанымен шектелмейді. Оған дейін де қаншама үйдің тауықтарын, қойларын, малдарын жеп жүр. Ол иттер қанның дәмін білген. Енді адамға шауып бастаған. Халық Дамирдың иті мен өзінен әбден қорқып болды. Балаларды ауланың сыртына шығарып ешкім ойната аймайды. Тіпті үлкендер өздері жүре алмайды», – деді саяжай тұрғыны Ақмарал Ханкерейқызы.

   «Бұл кісіні негізі көшіріп жіберсе дұрыс болар еді. Өйткені қазір итті жинап алып кетті. Ертең ол иттер қайтадан өседі. Тағы балаларды талайды. Жеп қоюы мүмкін», – деді саяжай тұрғыны Саят Мәдибеков.

 Адам талаған төбеттердің иесі дәл осы үйде тұрады. Тұрғындардың айтуынша, алпыстағы азамат бір аулада 37 ит асырап келген. Бірақ ол үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Соңғы оқиғадан кейін, жергілікті әкімдіктің араласуымен арнайы қызмет жиырмадан аса үй жануарын алып кетіпті.

«Жедел жәрдемге, 102-ге хабарластым. Медициналық көмек көрсеттіп,  ауруханаға алып кеткен. Сол күні жедел іздестіру шаралын жүргізіп таңға дейін 20-дан астам итті алып кетті», – деді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Ибатжан.          

Ауыр хәлге түскен әйел аудандық орталық ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша науқастың жағдайы орташа ауыр. Басынан балтырына дейін жарақат алған.

«Науқастың айтуынша, иттер тістеген. Сол уақытта науқасқа алғашқы көмек көрсетілді. Бірінші хирургиялық өңдеу жасалды жараларына. Басқа да дәрілер тағайындалды. Қазір емін алып жатыр. Жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта», – деді емдеуші дәрігер Әсет Нұрғалиұлы.

 Облыстық полиция департаменті аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған мәлімдеді. Ал ақжағалылар бұқара айтқан бұралқы ит мәселесін шешу жөнінде кешенді жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.

Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Мүгедек қызды зорлаған: жәбірленушінің анасы әдәлдік іздейді

Новости партнеров