Қарыз қамыты: елде қарыз алушылар саны 9 миллионнан асқан

23.04.2026 15:57

Қаржы мамандары елде табыс пен берешек арасындағы алшақтықтық артып барады деп дабыл қағып отыр

Елде несие алу қауіпті құбылысқа айналып барады. Қазір әрбір екінші адамның мойнында қарыз бар деуге толық негіз бар. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр қорытындысы бойынша қазақстандықтардың берешегі 24,8 трлн теңгеден асып, қарыз алушылар саны 9 миллионнан асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржы мамандары елде табыс пен берешек арасындағы алшақтықтық артып барады деп дабыл қағып отыр. Соңғы 5 жылда халықтың нақты кірісі небәрі 15 пайызға артса, қарыз көлемі екі есеге өсіп кеткен. Сарапшылар мұны «қауіпті теңгерімсіздік» деп бағалайды. Себебі берешек табыстан алты есе жылдам өсіп келеді.

«Халықтың кредиттері сағат санап өсіп жатыр. Көпшілік ақшаны дамуға, үй алуға жұмсамайды, жай ғана өмір сүріп, басқа кредиттерін жабу үшін алады. Берешекті алу да тым оңай болып кетті. Бір күнде адам 3-4 банктен кредит ала алады», – деді ҚР Рестораторлар клубы қауымдастығының қаржы директоры Ирина Лебедева

Несиесін уақытында өтей алмай жүргендер де көбейіпті. Бүгінде 1 миллион 600 мыңнан астам адамның төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен. Кей бағалауларда бұл көрсеткіш 2 миллионға жуықтайды. Яғни, әрбір бесінші қарыз алушы қиын жағдайға тап болған. Дүниежүзілік банк мәліметінше, ел азаматтарының берешегі жалақысының 51 пайызына жетіп отыр. Бұл – соңғы 17 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

«Миллиондаған адам қарызға батып отыр. Бұл мәселеде бизнес өкілдеріне көмектескіміз келеді. Өйткені, әр кәсіпорынның артында қарапайым халық тұр. Жұмысшылардың жартысынан көбі қаржылық тығырыққа батқан компанияның болашағы не болмақ? Мұның экономикаға әсері орасан зор. Сол үшін күрделі мәселені бірінші, екінші дәрежелі банктермен, депутаттармен талқылаймыз», – деді «Атамекен» ҰКП тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшысы Раушан Әбубәкірқызы.

 .Мамандардың айтуынша, бүгінде несие бұрынғыдай қажеттілікті жабу құралы емес, күнделікті тіршіліктің, тіпті тұтынушылық әдеттің бір бөлігіне айналып барады. Қаржы нарығындағы қысым да күшейіп отыр. Биыл ақпан айында ғана қаржы ұйымдары мен коллекторларға қатысты 16,4 мың шағым түскен. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 5,6 пайызға көп. Арыздардың басым бөлігі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторларға қатысты.

«Компанияда 50 адам істесе, қазіргі біздің қоғамда соның 70-80% кредит алады. Компанияға оның әсері қандай? Сұраныс түседі, сот орындаушы келеді. Ол жаппай компанияға кері әсер етеді. Егер картасы бұғатталса, компания басшысы қолма-қол жалақы төлейді, демек салықтың  5 түрі төленбейді», – деді қаржы сарапшысы Руслан Қалиоллаев.

Қарызға тәуелділік күшейіп тұрған шақта, мәселені шешудің жолдары күн тәртібіне шықты. Сарапшылар да, қоғам белсенділері де жүйелі өзгеріс қажет деп отыр. Осы бағытта AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен өткен арнайы жиында несие жүктемесін азайту және берешекті сотқа жеткізбей шешудің нақты тетіктері қарастырылды. Талқылау барысында «Қарызсыз қоғам» жобасының нәтижелері негізге алынды.

«Адам қаржылық тығырыққа батқанда қалай әрекет ету керек екенін түсінбейді.  Былтыр осы бағытта біршама маңызда жобалар қолға алынды. Ең алдымен банкке барып, төлем жасау қиындығын түсіндіріп, жағдайды айту керек. Одан кейін қандай шешу жолдары бары анықталады. Сосын «қарызсыз қоғам» бағдарламасы аясындағы көмек бар және банкроттыққа өтінім беруге болады. Қосымша тетіктерді талқылап жатырмыз. Біріңғай жүйе енгізіп, сотқа жеткізбейтіндей механизм қажет», – деді мәслихат депутаты Алтынай Көбеева.

.Сарапшылар мәселенің бірнеше себебін алға тартады. Біріншіден, несиені рәсімдеу тым жеңіл. Бірнеше минут ішінде онлайн қарыз ала салуға болады. Екіншіден, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – көпшілік келісімшарттың мәніне үңілмейді. Үшіншіден, қоғамда қарызға өмір сүру дағдысы қалыптасып барады. Жиын соңында борышкерлерге арналған бірыңғай цифрлық маршруттау платформасын құру ұсынысы айтылып, Парламентке жолданатын болды. Бұл бағытта тағы бір маңызды жаңалықты айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елде несие мен бөліп төлеуге лимит енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, енді азаматтың жалпы қарызы оның жылдық табысына қарай шектелуі мүмкін.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Ескі техниканың екінші өмірі: алматылық мүсіншінің әр роботы 15 млн теңгеге бағаланады