Қарызды өндіріп аларда қосымша құн салығы қосылмауы тиіс - коллекторлар ұсынысы

29.11.2025 11:14

Мамандар Кірістер комитетінен мәселені қайта қарап, ұтымды шешім шығаруды сұрайды

«Қарызды өндіріп алуға келгенде қосымша құн салығы қосылмауы тиіс». Еліміздің коллекторлар қауымдастығы осылайша Кірістер комитетінің бастамасымен келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін салық органдары коллекторлық компанияларға банктен берешек сатып алғанда қосымша құн салығын төлеуді міндеттеуді ұсынған. Мамандар  «бұл өз кезегінде қарызға белшесінен батқандарға одан сайын жүк болады»  дейді. Өйткені, талап етілген 12 пайыздық мөлшерлеме компания шотынан емес, жеке азаматтардан өндіріледі. Мұнымен қоса, салықтық жүктеме қаржылық қызметтер нарығын тұрақсыздандырып, коллекторлық ұйымдардың жұмысын қиындатады және «Қарызсыз қоғам» секілді бағдарламаларға кері әсер беретіндігін айтты. Сондықтан мамандар Кірістер комитетінен мәселені қайта қарап, ұтымды шешім шығаруды сұрайды.

«Егер кірістер комитеті коллекторлық агенттіктерге қосымша құн салығын төлеуді міндеттесе, салық заңнамасына сәйкес тиесілі сома борышкерлерге, яғни күрделі қаржылық жағдайдағы азаматтарға жүктеледі. Салдарынан, оларда жаңа қаржылық міндеттемелер пайда болады. Бұның әлеуметтік-экономикалық салдары қандай болатынын айтып жеткізу қиын. Әрине, біз кәсіби салалық қауымдастық ретінде мәселенің дәл осылай ушыққанын қаламаймыз. Сол үшін мәселені мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесе шешкіміз келеді», – деді  «Қазақстан коллекторлар қауымдастығы» одағының төрағасы Мәулен Омар.

«Қосымша құн салығы өндіріп алуы тиіс сома мен осы құқық үшін төлеген сома арасындағы ақшадан алынады. Артық салық салынбайды. Жиында айтылған барлық уәждерді тыңдадық. Қауымдастықтың талап-тілегін уәкілетті органға жеткізетін боламын», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті аудит басқармасының № 5 аудит бөлімінің басшысы Дулат Қуанышбеков.

Оқи отырыңыз: Алматы жастары: Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып келеді