Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ
Астанада заңсыз несие беріп, 82,9 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер сотталды. Ол өз қызметін заңды етіп көрсету үшін клиенттермен комиссиялық сауда туралы келісімшарт жасасып, іс жүзінде мүлікті кепілге алып, қарыз берген. Төлем мерзімі өткен жағдайда пайыздық мөлшерлемені екі есе арттырып отырған, деп хабарлайды Almaty.tv елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
2021 жылғы маусымда кәсіпкер жылжымалы мүлікті кепілге алып, қарыз беретін пункт ашқан. Алайда оның микроқаржы қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмаған және оны алу үшін өтініш те бермеген.
«Қызметті заңды етіп көрсету үшін клиенттермен комиссиялық келісімшарттар жасалған. Алайда іс жүзінде мүлік кепілімен қарыз беріліп, күн сайын 0,2–0,8 пайыз мөлшерінде үстеме есептелген. Төлем мерзімі өткен жағдайда мөлшерлеме екі есе артқан», – деп мәлімдеді сот.
Барлық операция Smart Lombard жүйесінде тіркелген. Кәсіпкердің банк шоттарына түскен қаражаттың жалпы көлемі 339 млн теңгеден асқан.
Сот істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша қарады. Бұл – аса ірі мөлшерде табыс табуға байланысты заңсыз кәсіпкерлік.
Кәсіпкердің кінәсі банк көшірмелерімен, келісімшарттармен, есепке алу жүйесіндегі деректермен, мамандардың қорытындыларымен және өзінің мойындау көрсетулерімен дәлелденген.
Сот оған мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар заңсыз табыстың өтелмегені де ескерілген.
Алайда 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы заңы негізінде жаза мерзімі екі есе қысқартылды.
Сондай-ақ сотталған адамның банк шоттарындағы 3 293 117 теңге тәркіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.