Мұндай тәсіл 1953 жылы салынған «Теміржолшылар үйі» сынды нысандарда реставрациялық форматта қолданылуда
Алматының Медеу ауданында «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша 50 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы келбеті жаңартылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл шаруа әр нысанның сәулеттік ерекшелігін ескере отырып жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай тәсіл 1953 жылы салынған «Теміржолшылар үйі» сынды нысандарда реставрациялық форматта қолданылуда. Яғни тарихи және сәулеттік құндылығы бар ғимараттардың бастапқы келбеті сақталып, сәндік элементтер қалпына келтіріледі, ал архитектуралық айқын ерекшелігі жоқ үйлердің қасбеттері табиғи тас пен гранит арқылы жаңартылады.
«Үш аудан бойынша реконструкция жүргізіліп жатыр. Олар: Медеу, Бостандық және Алмалы. Жоба аясында шамамен 170-ке жуық қасбет қамтылады. Жұмыстар үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – реконструкция және сылақ жұмыстары арқылы ғимараттың тарихи келбетін сақтау. Яғни барлық сәулеттік элементтер боялып, қажет болған жағдайда қалпына келтіріледі», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС әлеуметтік жобалау бөлімінің басшысы Тимур Ақатжанов.
Абаттандыру бағдарламасын іске асырар алдында барлық үйлерде тәуелсіз компаниялар тарапынан техникалық тексеріс жүргізіледі: жел жүктемесі, сейсмикалық тұрақтылық, қар мен жауын әсері толық есепке алынады. Сараптама қорытындысы оң болған жағдайда ғана құрылыс басталады. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл қаланың сәулеттік келбетін туристер үшін де тартымды етпек.
«Қалада үйлердің салынып, жаңартылып, көркейіп жатқанына өте қуаныштымын. Қасбеттерді жаңғырту қала тұрғындары үшін де, қонақтары үшін де жайлы әрі жағымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді қала тұрғыны Бехруз Нажмудинов.
Оқи отырыңыз: Ақтауда қоқыс шығару қызметіне қатысты дау шықты