Сондай-ақ Президент ЖИ саласындағы бірлескен бастамалар жылын жариялауды ұсынды
Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды.
Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет.
– Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың барлығын жасанды интеллект стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформа құруға шақырамын. Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Алматыда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы ашылмақ