Алматыда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы ашылмақ

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Президент Қазақстанның ЖИ саласындағы жаңа бастамаларын жариялады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

– БҰҰ дерегіне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Cонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлінген кезеңде жүріп жатыр. Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, жасанды интеллект, ең бастысы, әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады.

– Бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды. Аталған ұйым ЖИ-ді басқаратын әмбебап құрылымның негізін қалайтынына сенімдіміз. Ол күллі адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталды.

Президенттің пікірінше, еліміз технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.

– Энергетикалық ресурстардың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология және инновациялық экожүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата Заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді.

– Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі