Тұрғындардың сөзінше, ыстық су тұрақты берілмейді, ал ауыз су жиі үзіледі
Ақтаудағы Шығыс-2 шағынауданының тұрғындары бірқатар өзекті мәселелердің шешілмей келе жатқанына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, ыстық судың жоқтығы, аяқталмаған ойын алаңы және аумақтағы иесіз құбырлар тұрғындардың тұрмысын қиындатып отыр. Мұндағы жұрт әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Көпшілік бұл үйлерде коммуналдық мәселе жылдан-жылға ушығып барады деп отыр. Тұрғындардың сөзінше, ыстық су тұрақты берілмейді, ал ауыз су жиі үзіледі. Мұндай кезде халық тіршілік нәрін тасып ішеді. Сонымен қатар құрылысы өткен жылы басталған балалар ойын алаңы әлі күнге дейін аяқталмаған. Ауладағы ой-шұңқыр жолдар мен қараусыз қалған құбырлар да қауіп төндіріп тұр, -дейді жергілікті жұрт. Бұдан бөлек, коммуналдық қызмет көрсету жүйесінде де түсініксіздік бар – тұрғындарға екі түрлі мекемеден төлем түбіртектері келеді екен.
«Ыстық су да, суық су да – бәрі мәселе. Жыл сайын үйдің алдына су таситын көлік қояды. Қысым жетпегендіктен жоғарғы қабаттарға су бармайды. Ойын алаңы да толық аяқталмаған. Балаларға қауіпті темірлер жатыр. Футбол алаңын сұрап бірнеше рет өтініш бердік, бірақ нәтиже жоқ», – деді қала тұрғыны Дана Яхияева.
Мамандардың мәліметінше, ыстық судың жоқтығы құбыр желісіндегі ақауларға байланысты. Қазір жөндеу жұмыстары басталыпты. Алайда үйлерге тартылған екі шақырымдық құбыр әбден тозған. Оның үстіне, аталған желі ешбір мекеменің балансында болмағандықтан, мәселені толық шешу қиындап тұр.
«Бұл желі біздің теңгерімде жоқ. Бұрын мердігер салып кеткен, бірақ ресми түрде қабылданбаған. Қазір ақау болған жағдайда әкімдік кепілдік хаты негізінде ғана жөндеу жүргіземіз. Ал толық шешім қабылдау – жергілікті атқарушы органның құзырында», – деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК Жедел-диспетчерлік қызметінің басшысы Манас Айтжанов.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, екі ойын алаңының құрылысы мамыр айының соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар аула ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да биылғы жоспарға енгізілген.
«Аталған үйлердің алдында орналасқан 2 ойын алаңының құрылысы жақын уақытта аяқталады. Жаз басталғанға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары да жоспар бойынша жүзеге асырылады», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қыдырберген Балиев.
Дегенмен, тұрғындар ұзақ жылдан бері шешілмеген мәселелердің нақты нәтижесін көргісі келеді. Олар жауаптылардың нақты іске көшуін талап етіп отыр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Елордада жүк көліктеріне бақылау күшейтілді