Қауіпті нөмір бірден бұғатталады: енді алаяқтармен жасанды жады күреседі

Олжас Бектенов жасанды жадына экономиканың барлық саласында қолжетімді болуын тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жасанды интеллект инсульттан болатын өлім-жітімді 40 пайызға азайтуға көмектескен. Ол компьютерлік томографияның нәтижесін небәрі 5-10 минутта талдап, ауруды ерте анықтап отырған. Әдетте дәрігерлер бұл процеске 30 минут жұмсайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы 2026 жыл – жасанды интеллект жылы деп жариялағалы бері  Үкімет біраз шаруаның басын қайырыпты. Бүгінгі отырыста бірінші болып сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев бірқатар ақпарат айтты. Сөзінше, алаяқтармен жасанды жады күреседі. Ол үшін күмәнді қоңырауларды талдап отыратын антифрод жүйесі енгізіледі. Мысалы, бір нөмірден қысқа уақыт ішінде көптеген адамға қоңырау шалынса бағдарлама мұны қауіпті деп бағалап, бірден бұғаттап тастайды.

«Алаяқтықпен күрес аясында AI-антифрод жүйесін енгізу жоспарлануда. Жаппай қоңырау шалу, нөмірді алмастыру немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе қоңырауды абонент жауап бермей тұрып, миллисекундтар ішінде шектейді», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Жасанды жады енді кәсіпкерлерге бизнесті қайдан ашуға болатынын айтып, кеңес береді. Яғни, ақылды көмекші кәсіп бастайтын аумақты зерттеп, бәсекенің бар-жоғын саралап, кететін шығынға дейін есептеуге қауқарлы.

«Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын. Мысалы, кофеханалар немесе дәріханалар. Енді кәсіпкер картадан қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді», – деді Жаслан Мәдиев.

Жүк тасыған көліктер енді шекарадан 30 минутта өтеді. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бұл жаңашылдық жасанды интеллектінің көмегімен іске асатынын айтты. Яғни, енді барлық процесс ақылды көмекшінің арқасында жеңілдей түседі. 

«Жүк туралы барлық мәліметтер QR-код арқылы қолжетімді. Жасанды интеллект құжаттарды автоматты түрде тексереді. Маршруттарды құрып, қозғалысты бақылайды және қажетті рұқсаттарды анықтайды. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбае.в

Жасанды жады мұнай-газ саласында өндіріске көмектесіп, миллиардтарды үнемдеуге жол ашады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 4 мыңнан астам мұнай ұңғымасын ақылды жүйе арқылы қашықтан бақылап, онлайн қарап отыр. Ол жасанды интеллект мұнай өнімдерінің қозғалысын талдап, өңірлер бойынша қор көлемін алдын ала болжап беретінін айтты. Сол арқылы тапшылықтың бар-жоғы ерте анықталады.

«Бұл жеткілізімдерді жоспарлауға, логистиканы үйлестіруге және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Күтілетін нәтиже – жоспарлау дәлдігін 85 пайызға дейін арттыру және жылына 22,5 миллиард теңгеге дейін экономикалық тиімділікке қол жеткізу. Айта кету керек, бұл Жасанды интеллект моделі де қазақстандық өнім болып табылады», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Үкімет жасанды жадына экономиканың барлық саласында қолдануға талпынғанымен, ол бәріне бірдей қолжетімді емес. Олжас Бектенов мұны біледі. Сөзінше, жасанды интеллектіні әсіресе шағын және орта бизнес толық пайдалана алмай отыр. Себебі, қажетті мамандар жетіспейді, қаржылық және техникалық ресурстар аз және оны нақты іске асыратын жүйе мен механизмдер жоқ. Сондықтан Премьер мәселені шешу үшін жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Алматыда инклюзия жүйесін құру жолдары талқыланды – ерте қолдаудан бастап жұмыспен қамтуға дейін

Новости партнеров