Мереке Құлкенов Әмірхан Меңдекенің қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті
Жазушы, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке 70 жасқа толды. Мерейлі датаға орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әдеби сын дискурсының трансформациясы: цифрлық мәдениет және медиа тәжірибе» республикалық ғылыми конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, жазушының отбасы мен әріптестері қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі
Қазақтың қарымды қаламгері Әмірхан Меңдеке жетпістің белесіне шықты. Жазушы қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалыптастырған. Оның республикалық баспасөзде 200-ге жуық әдеби-сын мақалалары жарық көріп, оқырманның көңілінен шыққан. Бүгін Қазақ ұлттық университетінде жазушының цифрлық мәдениет және медиа тәжірибе атты республикалық ғылыми конференциясы өтті.¤
«Әмірханның ұстанған бағыты – кәдімгі ұлттық мүдде, әдебиет, ұлттық сын. Әрбір жазғанынан қазақтың ұлттық мүддесі, рухани байлығы бірінші орында тұратын. Ол қандай да бір шығарманы бағаласа, ұлтқа қандай пайдасы не зияны бар деген тұрғыдан талдайды», – деді ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы Әділғазы Қайырбеков.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, жазушының отбасы мен әріптестері қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Әмірхан Меңдекенің қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ одақ жанынан сын бөлімін ашып, оны қаламгердің қарауына беру жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Сын соңғы кезде төмендеп кетті. Қаншама жақсы шығармалар шығып жатыр, бірақ саралап айтатын сыншылар азайып кетті, айтқысы келмейді. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағына сын секциясы керек, сол секцияны Әмірхан Меңдеке басшылыққа алады», – деді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Жазушының «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір» кітабы, 2022 жылы жарық көрген «Жалғыздық сені қайтейін» атты сыни мақалалар жинағы бар. Бұл шығармалары қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосты.
«Жалғыздық сені қайтейін» деген соңғы шыққан кітабы қазақ әдебиетінің бүгіні ғана емес, болашағына да керек. Жас жазарманға да, қолына қалам ұстаған әрбір шығармашылық адамына керек», – деді ақын Мұрат Шаймаран
Қазақ әдеби сынының өрісін кеңейтіп, ұлттық руханияттың өзекті мәселелерін батыл көтерген Әмірхан Меңдекенің шығармашылығы бүгінгі жиында жан-жақты талқыланды. Қаламгердің әдебиетке ғана емес, қоғам мен руханият мәселелеріне қатысты ой-толғамдары кейінгі буын үшін құнды мұра болып қалмақ.
Ербол Медетбек, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда мәдениет майталмандары марапатталды