Көлік терезесі мен люгінен шыққан түлектер үшін жүргізуші де, ата-ана да жазаланады
Ата-аналар жарысы емес! Алматы облысында ата-аналар мен оқушылардан сыйлық алуға, мектеп бітіру кештеріне ақша жинауға қатаң тыйым салынды. Сондай-ақ мектеп әкімшіліктеріне мейрамхана, коттедж және басқа да бейресми шараларды ұйымдастыруға жол бермеу тапсырылды. Өңірде соңғы ұйымдастырып, сауық құруға рұқсат жоқ. Күшейтілген режимге көшкен полиция көлік терезесі мен люгінен шығып, жол қозғалысына кедергі келтірген оқушыларды тіпті дрондардың көмегімен анықтамақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы облысындағы 497 мектепте 360 мыңнан астам оқушы білім алды. Биыл олардың 18 мыңнан астамы мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. 1844 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Толқыныс пен жауапкершілікке толы түлектер кеші соңғы кездері даңғаза әрі бақылаусыз мерекеге айналып барады. Соның салдарынан қоғамда да алаңдаушылық күшейген. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, облыстық білім басқармасы мектеп әкімшіліктерімен, полиция қызметкерлері және ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейткен. Әсіресе мектептен тыс бейресми кештер, мейрамханадағы жиындар, автокортеждер мен табиғат аясындағы басқосулар қатаң бақылауға алынбақ.¤
«Түлектер люк, терезеден шығады және қауіпті жүргізеді. Бұның бәрі – тек жол ережесін бұзу емес. Бұл–- біреудің өміріне залал келтіру. Бұған қарсы бағытқа шыққан жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 590-бабы 3-бөлімі бойынша 6 айға көлік жүргізу куәлігінен айырылады. Ал егер жасөспірімдер, терезеден не люктен шықса, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593 бабы бойынша жүргізуші де, жас түлектің ата-анасы да жазаланады», – деді ПД ӘПБ бастығының орынбасары Еркебұлан Ахметов.
Сондай-ақ мамандар ата-аналар чаттарында ақша жинау мәселесі де назарда екенін айтады. Қымбат сыйлықтардан, салтанатты жиындар мен артық шығыннан бас тарту жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Білім саласы өкілдері назарға алған тағы бір маңызды мәселе жазғы демалыс маусымындағы лагерьлер қауіпсіздігі. Жауаптылардың айтуынша, қазір мекемелердің санитарлық талаптарға сәйкестігі, өрт қауіпсіздігі, медициналық қызметтің дайындығы және балаларды тасымалдау мәселелері кезең-кезеңімен тексеріліп жатыр.
«Алматы облысы бойынша 34 жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастайды. Әрине балаларымыздың қауіпсіздігі басты назарда. Балалардың қауіпсіздігінің алдын алу үшін жазғы сауықтыру лагерьлерін толық тексеру жұмыстары өз мәресіне жетті деуге болады. Барлық талаптарға сай болу мақсатында Алматы облыстық санитарлық департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, білім басқармасымен бірлескен түрлі шаралар ұйымдастырылып отыр», – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Бақытқызы.
Өңірдегі құзырлы органдар оқушылардың қатысуымен болатын іс-шараларда қоғамдық тәртіптің сақталуына да басымдық бермек. Соңғы қоңырау күндері полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әсіресе су айдындары, ойын-сауық орындары мен адам көп жиналатын аумақтар қатаң бақылауға алынады.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Кәмелетке толмағандар самокат айдаса, ата-анасына айыппұл салынады