Қазақ әдебиетінің жарқын келешегі: Алматыда жазушылар жылды қорытындылады

09.04.2026 16:42

Тұңғыш рет тағайындалған «Ер Төстік» әдеби сыйлығы да өз иелерін тапты

Алматыда «Қазақ әдебиетінің жарқын келешегі» тақырыбында Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытынды жиыны өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Руханият пен сөз өнерін ту еткен зиялы қауым өкілдері қатысқан басқосуда ұйымның бір жыл көлемінде атқарған ауқымды жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған бағыт-бағдары айқындалды.

 Атап айтқанда, Мұхтар Мағауин, Жамбыл Жабаев, Зейнолла Сәнік сынды көрнекті тұлғалардың мұрасын насихаттауға арналған ғылыми конференциялар ұйымдастырылған. Сонымен қатар жас қаламгерлерді қолдау, дін мен мәдениет бағыттарын дамыту мақсатында 30-дан астам мазмұнды іс-шара жүзеге асқан.

«Бүгінгі ерекше болатын жиналыста 3 мәселе қаралады. Біреуі кітапты қалай тарату жөнінде әңгіме болады. Екіншісі жасанды интеллекті, үшіншісі, әдеби тіліміздің көркемдігін қалай сақтап қаламыз деген мәселе атап өтілетін болады. Сонымен бірге бүкіл облыстан келген филиалдың директорлары есеп береді», - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Айта кетейік, ел көлемінде сөз өнерінің жүгін арқалап жүрген 1160 жазушы тіркелген. Бүгінгі алқалы жиында әдебиет айдынына жаңа леп әкелген 50 қаламгер одақ қатарына қабылданып, шығармашылық ортаны толықтырды. Сондай-ақ басқосуда ұлттық руханиятқа сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қаламгерге мәртебелі халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Сонымен қатар тұңғыш рет тағайындалған «Ер Төстік» әдеби сыйлығы да өз иелерін тапты.

«Жазушылар одағының ықыласы түсіп, марапат алып жатқан барлық әріптесімді,  соның қуанышына бөленіп жатқан игі жақсыларды  құттықтаймын. Менің әсерім ерекше», - деді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жаңылхан Асылбекова.

Оқи отырыңыз: Мейрамбек Беспаев әнші Еркеш Хасенге су жаңа көлік сыйлады