Деректі фильмнің еліміздегі кинотеатрларда кең прокатқа шығуы – ұлттық кино саласы үшін маңызды оқиға
Қазақстанда ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Жаңа киножобаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, отандық фильмдердің прокаты кеңейіп, анимация саласы дамып келеді. Сонымен қатар қазақ киносының алтын қорын сақтау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік қолдаумен түсірілген 6 фильм кең прокатқа шықты. Олардың қатарында «Гипноз», «Билет из рая», «Осенний бриз», «Құт», «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» деректі фильмдері бар.
Деректі фильмнің еліміздегі кинотеатрларда кең прокатқа шығуы – ұлттық кино саласы үшін маңызды оқиға. Бұл деректі фильмдердің кең аудиторияға жол тартуына және авторлық жобалардың көпшілікке кеңінен таныстырылуына мүмкіндік береді.
Жаңа киножобаларды да жүзеге асыруға басымдық беріледі. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Мұғалім» және «Кенжем қайда?» фильмдерінің жұмысы аяқталды. Қазір 23 киножоба әзірленіп жатыр, оның 21-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 18 киножоба мемлекеттік қолдауға ие болды.
Отандық анимацияны дамыту жұмысы – саладағы басым бағыттардың бірі. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің питчингі нәтижесінде 10 анимациялық жоба іріктелді. Бұл балалар мен отбасылық контенттің сапасын арттырып, оқиғалар мен кейіпкерлерді заманауи анимация құралдары арқылы танытуға ықпал етеді.
Қазақ киносының «Алтын қорын» сақтау жұмыстары да жалғасып келеді. Жыл басынан бері «Возвращение сына», «До свидания, Медеу», «Звучит там-там», «Золотой рог» және «Песня зовет» фильмдері цифрлық форматқа көшірілді. Ал «Алпамыс идет в школу» мен «Тревожное утро» фильмдері қайта қалпына келтірілді.
Жыл басынан бері прокат куәлігін беру бойынша 1539 өтінім қаралып, оның 1344-іне арнайы куәлік берілді. Бұл жұмыстар кино саласындағы жұмысты жүйелеуге және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Ақмола облысында су жүйелерін жаңғыртуға 1,4 млрд теңге бөлінді