Оның ішінде қайта өңделген өнім экспорты 3,6 миллиард доллар
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін бұрынғыдан да көп экспорттай бастаған. Олар - бидай, арпа, күнбағыс майы, ет, сүт және өңделген өнімдер. Кейінгі жылдары аграрлық секторда тұрақты өсім бар. Жалпы өнім көлемі 5,9 процент өсіп, 9,8 триллион теңгеге жеткен. Мұндай ақпаратты Ауыл шаруашылығы вице-министрі елордада өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елордада өткен баспасөз жиынында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков саладағы оң нәтижелер туралы баяндады. Сөзінше, былтыр 7 миллиард доллардың ауылшаруашылық өнімі шетелге сатылған. Оның ішінде қайта өңделген өнім экспорты 3,6 миллиард доллар болған. Сондай-ақ инвестициялық жобалар да іске асырылып жатыр екен.
«Алдағы жылдары жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланды. Атап айтқанда майлы дақылдарды қайта өңдеу саласында 94 миллиард теңге соммасына 13 жоба іске асыралытн болады. Астықты терең өңдеу бағытында жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,9 триллион теңгені құрайтын 6 ірі жоба жоспарланған. Бұл сүт саласында 41 миллиард теңге соммасына 12 жоба іске қосылып, қосымша 165 мың тонна қайта өңдеу қуаты енгізілетін болады», деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Елде ет өңдеумен айналысатын 210 зауыт бар. Олар жылына 450 мың тонна ет шығарады. Осылай деп ақпарат берген Вице-министрден журналистер мал шаруашылығын дамытуға миллиардтар бөлінсе де, өндіріс дұрыс жолға қойылмай, салдарынан халық бюджеттен бөлінген ақшаның игілігін көре алмай отырғанын айтты. Алайда Тасжүреков бұл пайыммен келіспейді.
«Қызыл еттің барлық түрі бойынша елге қажетті көлемді толық қамтамасыз етіп отырмыз. Былтыр 430 мың тонна сиыр еті өндірілді. Ал қажеттілік 400 мың тонна болған. Сонда тіпті 30 мың тоннадай етті экспорттайтын әлеуетіміз бар. Бірақ осымен тоқтап қалмай, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын қолға алып жатырмыз. Соның арқасында алдағы 2-3 жылдың ішінде ет өнімінің көлемі арта түседі», деді Ербол Тасжүреков.
Министрлік киік етінің бағасын бақыламайды. Ведомство өкілі Марат Ибраев осылай деп отыр. Тіпті ол оның консерві ретінде сатылымда бар-жоғын білмейтін болып шықты. Өйткені, құзіретіме кірмейді деп құтылды. Тек киік етінің сатылу тәртібіне тоқталды.
«Киік етінің бағасына келсек, оны біз қадағаламаймыз. Ең бастысы, ет зертханада толықтай тексеруден өтуі керек. Тек осыдан кейін ғана тамаққа тұтынуға болады. Ал консервіленген киік еті саудаға шығарылған-шығарылмағанын жазбаша жауапта айтайық. Өйткені бұл мәселе біздің комитеттің құзырына кірмейді», деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Марат Ибраев
Қазақстанда өсірілген банандар не себепті дүкен сөрелерінде жоқ? Министрлік өкілдері жағдайды барынша түсіндіруге тырысты. Айтуынша, бұл жеміс тек Түркістан облысында, арнайы жылыжайда өсіріледі. Жылына 1000 тоннаға жуық өнім жиналады. Бұл аз. Сондықтан министрлік өндірісті ұлғайтуға ниетті. Яғни алдағы жылдары халық өзімізде өсірілген бананды сатып алуы бек мүмкін.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер саны бір жылда екі есеге жуық өсті