Қазақстан кітапханаларына 57 млн оқырман келген

16.01.2026 20:37

2024 жылмен салыстырғанда тұрақты пайдаланушылар саны 4,1 % артты

Almaty.tv

Қазақстан кітапханаларына келушілер саны 57 млн-ға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан кітапханаларына ел бойынша миллиондаған оқырман келген. Бүгінде республикада жалпы қоры 72,5 млн-нан астам сақтау бірлігі бар 3 887 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Жыл ішінде оқырмандарға әртүрлі тақырыптағы 88 млн-нан астам материал берілді.

2024 жылмен салыстырғанда тұрақты пайдаланушылар саны 4,1 % артып, 5 539 969 адамға жетті. Оқырмандар Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарында көп тіркелген.Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы келушілер санының көптігінен айқын байқалады. Кітапханалық қызметке жүгіну көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп, жалпы саны 57 млн рет келу көрсеткіші тіркелді

Сонымен қатар, мерзімді басылымдарға деген сұраныс көп. Бір жыл ішінде ҚР Ұлттық кітапханасына газеттер мен журналдар бойынша 1 млн-нан астам сұраныс түсті.
Кітапханаларға ең көп келушілер – жастар. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада оқырмандардың ең көп бөлігін 17–25 жас аралығындағы жастар, одан кейін 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды.
Сұранысқа ие әдебиеттердің қатарында көркем шығармалар, тарих пен этнографияға арналған басылымдар, ғылыми-көпшілік, психологиялық және медициналық кітаптар, сондай-ақ жаңа технологиялар туралы басылымдар бар.

Кітапханалар оқырмандармен жұмыс жүргізумен қатар, мәдени өмірдің маңызды орталығы ретінде де маңызды рөл атқарады. Бір жыл ішінде кітапханаларда 258 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара өтті.

Кітапханалар желісін дамыту басқа өңірлерде де жалғасын тапты. Қызылорда облысында «Руханият» орталығы пайдалануға берілсе, Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхананы жаңғыртуға арналған пилоттық жоба жүзеге асты. Бұл бастамалардың барлығы кітапхананы оқырманға жақындатып, заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыруды мақсат етеді.

Оқи отырыңыз: Алматылық курсанттар «Шымбұлақ» шыңын бағындырды