Қазақстан мен Израиль сауда-саттық пен инвестиция көлемін ұлғайтуды көздеп отыр

Астанада бизнес форум өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Израиль арасындағы экономикалық байланыс жаңа кезеңге аяқ басты. Екі ел алдағы уақытта сауда-саттық пен инвестиция көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта елордада Қазақстан мен Израильдің Сыртқы істер министрлері  Гидеон Саар мен Ермек Көшербаевтің қатысуымен бизнес форум өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында соңғы 20 жыл ішінде Израильден Қазақстан экономикасына шамамен 500 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғаны айтылды. Өткен жылдың өзінде бұл көрсеткіш 162 миллион доллардан асқан. Алайда Ермек Көшербаев бұл деңгей екі ел арасындағы экономикалық әлеуетті толық ашпайтынын айтып, ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

«Осы ғимаратта екі елдің іскер топ өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өтуде. Бұл айтулы шара инвестиция тартуға арналған бағыттарды зерделеуге, екі елдің компаниялары үшін бірлескен кәсіпорындарын құрудағы мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұған қоса бүгін әріптесімізбен дипломаттарды даярлау, қоғамдық дипломатия саласындағы, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының визалық талаптардан бостау туралы ниеттестік меморандумдарына қол қойдық», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев.

Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстанның сыртқы істер министрі Израильдің су үнемдеу және сақтау технологиялары саласында мол тәжірибесі бар екенін атап өтіп, осы бағытта олардың озық тәжірибесін елімізге енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Өз кезегінде Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар бүгінгі форум екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, оның толық әлеуетін іске асыруға бағытталған ортақ ұмтылыстың айқын көрінісі екенін айтты.

«Біз экономикалық ынтымақтастығымызды көптеген салаларда кеңейтуді қалаймыз. Қазақстанмен тәжірибе бөлісуге дайынбыз. Сондықтан мен бүгін Астанаға жоғары деңгейдегі экономикалық және бизнес делегациясымен келдім. Оның құрамында киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардан 30-дан астам өкіл бар. Біз су ресурстары, инновация және азық-түлік қауіпсіздігіндегі әріптестікті кеңейтуді мақсат етеміз», – деді Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады

Новости партнеров