Құжат Каспий теңізі арқылы экологиялық таза электр энергиясын Еуропаға экспорттауға мүмкіндік береді
Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан жасыл энергия дәлізін құрады. Бүгін Мәжіліс тиісті келісімді ратификациялады. Келісімнің негізгі мақсаты – үш ел арасында тұрақты энергетикалық ынтымақтастық орнатып, жаңартылатын энергия көздері саласында ұзақ мерзімді жобаларды дамыту, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәжікстан – Қазақстанның маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Кейінгі жылдары қазақ-тәжік қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Осы қатынасты одан әрі нығайту мақсатында төменгі палата екі ел арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты бекітті. Құжатты мәжіліске Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев таныстырды.
«Қазақстан – Тәжікстан үшін ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіретін ел. 2021 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асып келеді. Қазіргі уақытта екі елдің Үкіметі бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуді мақсат тұтып отыр», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев.
Осы тұста депутат Ерлан Барлыбаев Сауда вице-министрінен қос ел арасындағы сауда айналымын Ашықбаев айтқан 2 миллиард долларға жеткізу үшін нақты қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
«Сауда айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізуге арналған жол картасын әзірлеп, Тәжікстанға жолдадық. Біз оған қатысты ескертулер алдық. Ескертулерді ескеріп, жол картасын қайта қарап, тағы бір мәрте пысықтадық. Тәжікстан тарабына 169 тауардан тұратын тізім жіберілді. Оларға мұнай-химия және химиялық өнеркәсібі, машина жасау және ауыл шаруашылығы өнімдері кіреді», –деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.
Тәжікстан – Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері үшін маңызды нарық. Өткен жылы қазақ тарапы 1 жарым миллион тонна дәнді дақыл, 80 мың тоннадан астам күнбағыс майын, 50 мың тонна ұн және әртүрлі ет өнімдерін экспорттаған. Сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.
«2024 жылы Ақтөбе облысында Тәжік капиталының қатысуымен қуаттылығы 116 тонна май сығымдау зауытын салдық. Қазір Ақмола облысында шамамен 600 000 тонна астық өнімдерін өңдейтін ұн тартатын кешенінің құрылысы қолға алынды. Оның құны 20 миллиард теңге. Жалпы алғанда, аталған жобалардан алынатын өнімнің басым бөлігі Орталық Азияның нарығына экспортталады. Оның ішінде Тәжікстан да бар», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Мәжілісте талқыланған шарт екі елдің саяси, әскери, әлеуметтік, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы байланысын күшейтеді. Сондай-ақ құжатта Қазақстан мен Тәжікстан бір-бірінің маңызды стратегиялық мүдделеріне зиян келтірмейтініне ресми түрде кепілдік бергені жазылған. Төменгі палата заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, ӘЛихан Өтеген Астанадан
Оқи отырыңыз: Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы автожолды кеңейту құрылысының алғашқы кезеңі басталды