Былтыр Қазақстанда 36 мыңға жуық апат болып, 50 мыңдай адам зардап шеккен
Алматыда жол апатын еурохаттама арқылы рәсімдейтіндер көбейді. Жүргізушілер полицейдің қатысуынсыз-ақ мәселені өзара шешетін болған. Соңғы екі жылда елімізде 25 мыңға жуық еуропротокол толтырылып, сақтандыру компанияларынан 4,9 миллиард теңге көлемінде қаржы өндірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде жол-көлік оқиғасының саны жылдан жылға артып барады. Былтыр Қазақстанда 36 мыңға жуық апат болып, 50 мыңдай адам зардап шеккен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Осы ретте шағын жол апаты кезінде жүргізушілер мен жол сақшыларының уақытын үнемдеу үшін елімізде Еурохаттама қосымшасы енгізілген.
«Шағын жол апатына тап болған адамдар оқиғаны еурохаттама арқылы тіркей алады. Ол үшін тараптар еуропротокол деген қосымшаны көшіріп алу керек. Жол апаты дегенге кіріп, барлық құжатты онлайн толтырады. Көліктің зақымданған жерін фото, видеоға түсіріп, сақтандыру компаниясына жібереді», – деді Полиция департаменті әпб әкімшілік іс-тәжірибе бөлімінің бастығы Сәкен Айнақұлов.
Еурохаттаманы толтырудың бірнеше шарттары бар. Біріншіден, жол апатына түскен көлік саны екіден көп болмауы керек. Жүргізушілерде міндетті түрде сақтандыру полюсы болуы маңызды. Көлік құралына қатты зақым келмеуі керек. Себебі сақтандыру компаниясы Еуропротокол арқылы тек 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі шығынды ғана өтейді.
«Біздің жұмысымызға пайдасын тигізіп жатыр. Еурохаттамаға жүгінетіндер саны да айтарлықтай артып келеді. Егер еурохаттама арқылы төленетін қаражат көлемі артса, бұл жаңашылдықты пайдаланатын жүргізушілер одан да көп болар еді. Адамдар шығынды өндіре алмай қаламыз ба деп алаңдап, жол сақшыларын шақырып жатады», – деді Полиция департаменті әпб әкімшілік іс-тәжірибе бөлімінің бастығы Сәкен Айнақұлов.
Ел бойынша жол-көлік оқиғасын жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу көрсеткіші екі жылда 25 мыңға жуықтаған. Ал сақтандыру компанияларынан өндірілген шығын көлемі 4,9 миллиард теңге көлемінде. Егер шағын жол апаты кезінде төленетін қаржы 100 айлық есептік көрсеткіштен көп болса, еурохаттама қосымшасын пайдаланатындар саны әлдеқайда артарпақ.
Асыл Махметов, Ялкунжан Ашимжанов
Оқи отырыңыз: Жолда сақ жүріңіз: Алматыда жаңа жүйе іске қосылды