Ауқымды жоба екі кезеңнен тұрады
Жол кеңейсе – мүмкіндік кеңейеді, елдің тынысы ашылады. Бүгін Сыр өңірінде көптен күткен күрмеулі жобаның түйіні тарқады. Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы автожолды төрт жолаққа кеңейту құрылысының алғашқы кезеңі басталды. Бұл – еліміздің көлік транзитін күшейтетін маңызды жоба, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауқымды жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – солтүстік айналма жолдың құрылысы. Жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойынан бастау алады. Қаладан 18 шақырым қашықта айналма жол салынады. Алдымен 25 шақырым асфальт төселеді. Оның 15 шақырымы – бірінші санатты, ал 10 шақырымы – екінші санатты жол болады.
«Бір айдан кейін қарама-қарсы бағыттағы жұмысты Ақтөбе облысында бастаймыз. Жобаға 4 нысан кіреді. Олар – Қызылорда айналма жолы 25 шақырым, ейін Қызылорда-Сексеуіл, Сексеуіл-Ұлғайсын, Ұлғайсын-Ақтөбе жобалары. Тағы Қызылорда облысы бойынша Бейнеу-Сексеуіл жобасын жаз мезгілінде бастаймыз. Барлық жобаларға қаржыландыру мәселелері шешілді», – деді «Қазавтожол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жаңа күрежол Қызылорда – Жезқазған трассасымен де түйіседі. Жолдың ұзындығы 450 шақырымнан асады. Бұл – оңтүстіктен шыққан транзиттік көліктер үшін үлкен жеңілдік. Енді жүк көліктері қалаға кірмей-ақ еліміздің орталығы мен батысына бағыт алады. Жоспар бойынша ауқымды құрылыс 2029 жылға дейін жалғасады.
«Қызылорда облысында жолдардың қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы индикаторлық көрсеткіші 2025 жылдың қорытындысы бойынша 95 пайызға жеткізілді. Былтыр 50 млрд 600 млн теңге бөлініп 329 шақырым автомобиль жолы, көпірлер күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді», – деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Айта кетейік биыл елімізде 3,5 мың шақырымнан астам жол салынады. Солардың қатарында орталық пен батыс байланыстыратын «Астана-Арқалық-Ырғыз, Қарағанды-Жезқазған бағытындағы трассалар да бар. Кеңейген күрежолдар өңірлер арасындағы барыс - келісті көбейтіп, мүмкіндікті кеңейте түспек.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар күшейтілді