Қазақстан тәуелсіздігіне – 35 жыл: тарихи белестер мен маңызды шешімдер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстан тарихтың жаңа парағын ашып, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Сол кезеңде қабылданған шешімдер елдің болашағына жол ашып, бүгінгі мемлекеттің негізін қалады. Уақыт өткен сайын тарихи оқиғалардың мәні тереңдеп, тәуелсіздік жолында еңбек еткен тұлғалардың орны айқындала түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанның тәуелсіздік жолы 1990 жылғы 25 қазаннан басталды. Дәл осы күні Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Құжат республиканың саяси және экономикалық дербестігін айқындап, аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік билігін бекітті. Бұл Кеңес Одағы әлі тарамай тұрған кезеңде қабылданған, елдің болашақ даму бағытын айқындаған маңызды саяси қадам еді.

«Тәуелсіздік декларациясын қабылдау залында мен де отырып, депутаттардың бірі ретінде оны қабылдауға қатысу бақыты маған да бұйырды. Осы еңбегіміздің бүгін жарқырап көрініп, қазаққа пайдалы болып жатқанына куә болып отырмыз», – деді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Асқар Жұмаділдаев.

Алайда елдің дербес мемлекет ретінде қалыптасуы әлі де бірқатар саяси-құқықтық өзгерісті талап етті. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, ел тәуелсіз мемлекет екенін ресми түрде жариялады. Осылайша, Қазақстанның жаңа тарихи кезеңі басталды.

«Ең басты жетістіктердің бірі – Қазақстанның көрші мемлекеттермен делимитация және демаркация мәселелерін шешуі. Жерімізді түгендеуіміз, жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылуымыз, осындай құжаттарды қабылдауымыз – Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі маңызды әрі дұрыс шешімін тапқан қадамдар», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов.

Тәуелсіздікті жариялау ел алдында тұрған міндеттердің ауқымын айқындады. Мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, экономиканы қайта құру, ұлттық институттарды дамыту және халықаралық байланыстар орнату қажет болды. Әсіресе, алғашқы жылдардағы экономикалық қиындықтар мен саяси өзгерістер жас мемлекет үшін үлкен сынаққа айналды. Соған қарамастан, Қазақстан өз даму бағытын қалыптастырып, халықаралық қауымдастықта дербес орын иеленді.

«Біз үнемі даму үстіндеміз. Себебі Қазақстан Республикасы өзінің шекарасы мен егемендігін бекітіп қана қойған жоқ, экономикалық және рухани тұрғыдан да үлкен даму жолына түсті. Тәуелсіздіктің нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстанды әлемдегі дамыған елдердің қатарында деп айтуға мүмкіндік бар», – деді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков.

Уақыт өткен сайын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы оқиғалардың тарихи бағасы арта түсуде. Сол кезеңде ел болашағына қатысты шешімдер қабылдаған азаматтардың еңбегі де тереңірек зерделеніп келеді.

«Тәуелсіздікке қол жеткізу – ХІХ ғасырда азаттық үшін күрескен көтеріліс басшыларынан бастап, кешегі Желтоқсан құрбандарының, сондай-ақ Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қызмет атқарған зиялылардың, мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлерінің еңбегінің жемісі», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов.

35 жыл ішінде Қазақстан талай тарихи кезеңді еңсерді. Бүгінгі елдің жетістіктері мен даму бағытының негізінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған маңызды қадамдар жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы. «Алматы» телеарнасы