Қазақстанда 1 млн-нан астам әйел медициналық көмек алды

Видеодан кадр / ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Видеодан кадр / ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған жаңа бағдарлама іске қосылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда әйелдердің репродуктивтік денсаулығын қорғауға бағытталған медициналық көмек мемлекет есебінен көрсетіледі. Қызметтер отбасын жоспарлаудан бастап жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңге дейінгі уақытты қамтиды, деп хабарлайды Almaty.tv.

1 млн-нан астам әйел әйелдер консультациясына жүгінді

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, еліміздегі 425 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталықтың базасында әйелдер консультациялары жұмыс істейді. Мұнда жеке тіркеу бөлімдері, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары бар.

Биыл әйелдер консультацияларының қызметін 1 млн-нан астам әйел пайдаланған. Ал жүктіліктің 10 аптасына дейін медициналық есепке тұрған әйелдердің үлесі 18%-ға артып, 71%-ға жетті.

Жүкті әйелдерге 500 мыңнан астам зерттеу жүргізілді

Ұрықтағы туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау үшін барлық өңірде перинаталдық орталықтардың базасында «Бір күндік клиникалар» ұйымдастырылған.

Мұнда жүкті әйелдер кепілдендірілген медициналық көмек аясында бес түрлі зерттеуден өтіп, нәтижесін келесі күні алады.

2026 жылы диагностикалық зерттеулермен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Нәтижесінде ұрықтағы даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13%-ға артқан. Ал нәресте өлімі 15%-ға төмендеген.

«Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылып жатыр

2025 жылдан бастап әйелдерді салауатты жүктілікке дайындауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында әйелдерге 12 түрлі тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік берілген.

Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану қабылданады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мемлекет ана мен бала денсаулығын қорғауға және әр әйелге тұрғылықты жері мен қаржылық жағдайына қарамастан медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді.

Оқи отырыңыз: Қала күніне орай Алматы музейлерінде «Ашық есік күні» акциясы өтеді