Қысқы кезеңге қажетті отын қоры да жасақталып жатыр
Энергетика министрлігінде алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралған республикалық штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде электр станцияларындағы негізгі энергетикалық жабдықтың 26 бірлігіне күрделі жөндеу аяқталған. Қазір тағы 54 жабдық жөнделіп жатыр. Сондай-ақ 11,7 мың шақырым электр желісі, 294 қосалқы станция және 139 шақырым жылу желісі жөнделген.
Қысқы кезеңге қажетті отын қоры да жасақталуда. Қазіргі уақытта электр станцияларында 3,9 млн тонна көмір мен 138 мың тонна мазут қоры бар. Өңірлік операторларға жылыту маусымы басталғанға дейін көмір қорын толықтыру тапсырылды.
Энергетика министрлігі көмір жеткізілімін бақылауға арналған жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны әзірлеп жатқанын да хабарлады. Жаңа жүйе көмірдің кен орнынан тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылап, жеткізілімнің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысында өңір әкімдіктері мен энергетикалық кәсіпорындарға жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, барлық нысандардың жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Президент Ұлттық архив ұжымын 20 жылдық мерейтоймен құттықтады