Қазақстанда 2,9 млн-ға жуық жұмыскер кәсіподақ ұйымдарына мүше

10.10.2026 11:21

10 қазанда Қазақстан кәсіптік одақтарының күні атап өтіледі

Аlmaty.tv

Қазақстанда 530 кәсіподақ ұйымының құрамында шамамен 2,9 миллион жұмыскер бар. Бұл туралы Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың құттықтауында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, кәсіподақтардың негізгі міндеті – еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және лайықты жалақы төлеуге ықпал ету.

"​Бүгінде Қазақстанда 530 кәсіподақ ұйымының құрамында шамамен 2,9 миллион жұмыскер тіркелген. Бұл – маңызды көрсеткіш әрі үлкен жауапкершілік. Өйткені әрбір санның артында нақты адам, оның еңбегі, отбасы және ертеңгі күнге деген сенімі бар.

Биыл еліміздің өңірлерінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға арналған форумдар, кездесулер және басқа да іс-шаралар өтті. Олар ашық диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және жұмыскерлердің мүдделеріне тікелей қатысты мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, жұмыспен қамту жағдайларын жақсарту және әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

​Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіподақтармен сындарлы өзара іс-қимылға жоғары мән береді. Мемлекет, жұмыс берушілер және жұмыскерлер өкілдері күш біріктіргенде ғана еңбек қатынастарын жүйелі түрде жетілдіріп, адамның еңбегі лайықты бағаланатын және құрметтелетін жағдай қалыптастыра аламыз", - делінген министр мәлімдемесінде.

Министр кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне көп жылғы еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ кәсіподақ өкілдерінің күнделікті жұмысы мен еңбек қатынастарын әділ әрі жауапты етуге бағытталған бастамаларының маңызын атап өтті.

Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай Асқарбек Ертаев кәсіподақ саласының ардагерлеріне, ұйым басшылары мен белсенділеріне және барлық әріптесіне денсаулық, отбасылық амандық пен табыс тіледі.

Оқи отырыңыз: МӘМС төлемей қалай тегін тексерілуге болады

Толық көрсету