Кассациялық сот пара алған азаматтан 12 млн теңгені мемлекет кірісіне өндірді

10.10.2026 11:57

Сот үкімімен азамат нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілген

Аlmaty.tv

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Бас прокуратураның наразылығын қанағаттандырып, сыбайлас жемқорлық қылмысы арқылы алынған 12 млн теңгені мемлекет кірісіне өндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бас прокуратураның мәліметінше, азамат «М» жекелеген адамдарға қамқорлық жасағаны үшін бірнеше рет заңсыз сыйақы алған. Заңсыз төлемдердің жалпы сомасы 12 млн теңге болған.

Сот үкімімен азамат нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда заңсыз алынған ақшаны мемлекет кірісіне қайтару мәселесі шешілмеген.

"Осыған байланысты Бас прокуратура наразылық енгізіп, істі кассациялық сотта қайта қарауға қол жеткізді. Нәтижесінде сот заңсыз алынған 12 млн теңгені мемлекет кірісіне өндірді", - делінген ведомство мәліметінде.

Бас прокуратураның мәліметінше, биыл ведомствоның жеті наразылығы қанағаттандырылып, сыбайлас жемқорлық қылмыстары нәтижесінде алынған жалпы сомасы 50 млн теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.

Оқи отырыңыз: «Стоп-кредит» қойылған азаматқа қандай жағдайда несие беріледі

Толық көрсету