Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестік және төрт мыңнан аса қоғамдық ұйым жұмыс істейді
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде елдегі татулық пен келісімнің маңызы тағы бір мәрте айқындалды. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, бірлік – ел дамуының басты тірегі екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министр өз құттықтауында бұл мерекенің мәніне ерекше тоқталды.
— Бұл мерекенің ел өмірінде алар орны ерекше. Халық бірлігі, ортақ тарихи тағдыр, теңдік пен татулық идеялары жаңа Халықтық Конституцияда да көрініс тапқан. Ата заңның преамбуласында «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген тұжырымның, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарының сақталуының өзі терең мәнге ие. Бұл бірлік, ынтымақ пен сыйластықтың қоғам үшін ғана емес, Қазақстанның алдағы дамуы үшін де берік негіз екенін айқындайды, — деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестік және төрт мыңнан аса қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Олар мәдениетаралық диалогты дамытып, ұлттық құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді.
"Ерекше назар аударар жайт – республика бойынша 36 Достық үйі жұмыс істейді. Бұл орталықтар қоғамдық келісімді нығайтып, түрлі этнос өкілдерінің мәдени алмасуына, өзара сыйластықты арттыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналған.
Бірлік, келісім мен сыйластық алдағы уақытта да Қазақстанның өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына берік негіз болады деп сенемін. Айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, әр шаңыраққа бейбітшілік пен бақыт, ырыс-ынтымақ және толайым табыс тілеймін, — деп жазды Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Айта кетейік, Бірлік күні – тек мереке ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақтың символы. Қазақстандағы Достық үйлері мен этномәдени бірлестіктер осы құндылықтарды нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.