Аида Балаева Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады

primeminister.kz
primeminister.kz

Қазақстанда 61 мәдениет нысаны салынып жатыр

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін, яғни 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Осы атаулы күнге орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Мәдениет – мемлекеттілігіміздің рухани тірегі, халқымыздың тарихи санасы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып, елдің рухани тұтастығын бекемдейтін қуатты күш.

Бүгінде жаңа Конституция аясында мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияға айрықша мән беріліп отыр. Бұл мәдениет саласының алдына жаңа міндеттер қойып, дамудың тың мүмкіндіктерін ашты. Ендігі мақсат – бай мұрамызды ұқыпты сақтаумен қатар, заманауи форматтарды, цифрлық шешімдерді, креативті индустрияларды және көрерменмен, оқырманмен, жалпы жұртшылықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін батыл дамыту.

Мемлекет басшысы мәдениет саласын өркендетуге, шығармашылық адамдарына қолдау көрсетуге және саланың инфрақұрылымын нығайтуға ұдайы ерекше көңіл бөліп келеді. Осы жүйелі саясаттың нәтижесінде соңғы жылдары мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға, өңірлердегі мәдениет мекемелерін дамытуға және азаматтардың мәдени игіліктерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылды», - деп атап өтті Аида Балаева.

Ол Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар жетекші мәдениет мекемеміне «Ұлттық» мәртебесі берілгеніне тоқталды. Бұл олардың қоғамдағы орнын нығайтып, қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға мүмкіндік ашты.

Өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөндеуден өтті. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасуда. Цифрлық даму бағытында да нақты нәтижелер бар. Бүгінде E-Museum платформасы 284 музейді біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D-артефактіні қамтып отыр.

Қазіргі уақытта мәдениет саласы бұрынғыдан да ашық, жаңашыл әрі халыққа жақын бола түсті. Еліміздің барлық 20 өңірінен 600 мәдениет қызметкері қатысқан «Мәдениет және инновация» форумы осы саланың зор әлеуетін, мамандардың жаңаруға дайын екенін және музейлер, кітапханалар, архивтер, мәдениет үйлері, театрлар мен концерттік ұйымдар үшін нақты әрі тиімді шешімдер ұсынуға деген ортақ ұмтылысты айқын көрсетті.

«Осы мерейлі күні мәдениетке күн сайын адал қызмет етіп жүрген барша азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Артистерге, музыканттарға, кітапханашыларға, музей және архив қызметкерлеріне, режиссерлерге, суретшілерге, хореографтарға, сахна майталандарына, педагогтерге, техникалық мамандарға және еліміздің рухани байлығын сақтап, дамытып жүрген барлық сала өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сіздердің еңбектеріңіз ұлттың руханиятын байытып, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырады, ел бірлігін нығайтады және Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттыра түседі.

Алдағы уақытта да игілікті жолдағы қызметтеріңіз табысты болып, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіздер.

Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» - деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Оқи отырыңыз: Алматыда 18-24 мамыр аралығында ауа райы қандай болады

 

Новости партнеров