Қазақстанда агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жуықтады
Елімізде 2,7 трлн теңгеге 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтағанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды.
Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті», - деп тоқталды Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды.
«Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор.
Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек», - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда биыл 24,5 млн тонна астық жиналды – Президент