Қазақстанда биыл 24,5 млн тонна астық жиналды – Президент

Ақорда
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы маңызын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Бұл – мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала. Бүгін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысып отыр. Сондықтан бұл форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу десек те қате болмас.

Ең алдымен, қазір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бөліскен азаматтарға, инвесторларға алғыс білдіремін. Су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Президент Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек екенін айтты.

«Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды.

Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын», - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Алматы декларациясының 35 жылдығына орай халықаралық жиын өтті