Ең жоғары үлес жаттықтырушылар құрамына қарастырылған
Елімізде алғаш рет Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және басқа да ірі халықаралық жарыстарға баратын ресми спорттық делегациялардың құрамын жасақтаудың бірыңғай тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туризм және спорт министрлігі бекіткен жаңа талаптар ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға қатысуын тиімді ұйымдастыруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және делегация құрамын оңтайландыруға бағытталған.
Бұған дейін спортшылармен бірге жарыстарға баратын жаттықтырушылар, мамандар мен өзге де өкілдердің санына қатысты бірыңғай талап болмаған. Енді олардың саны спортшылардың санына, жарыстың деңгейі мен ерекшелігіне, сондай-ақ ұлттық құраманың нақты қажеттілігіне қарай белгіленеді.
Өкілдердің үлесі мына формула бойынша есептеледі: өкілдер саны / спортшылар саны × 100%.
Туризм және спорт министрлігі мен Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің санына да шектеу қойылған. Жазғы Олимпиадада министрлік өкілдерінің үлесі 3%-дан, ал комитет өкілдерінің үлесі 2%-дан аспайды. Қысқы Олимпиадада бұл көрсеткіштер тиісінше 10% және 8%-ға дейін жетеді. Бұл қысқы ұлттық құраманың саны жазғы құрамамен салыстырғанда аз болуымен байланысты. Сондықтан ілесіп жүретін мамандардың саны бірдей болған жағдайда, олардың жалпы делегациядағы үлесі жоғары болады.
Ең жоғары үлес жаттықтырушылар құрамына қарастырылған. Олардың қатарына бас және аға жаттықтырушылар, жеке жаттықтырушылар, сервис-жаттықтырушылар мен жаттықтырушы-кеңесшілер кіреді. Мамандар спорт түрінің басымдығы мен жүлдеге таласу мүмкіндігі ескеріле отырып іріктеледі. Жазғы Олимпиадада олардың үлесі 86%-ға дейін, ал қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада 100%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл кей жағдайда спортшылар санына шаққанда олармен бірге баратын жаттықтырушылар мен мамандар саны спортшылар санына тең болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға ілесіп жүретін адамдар үшін де жеке норма белгіленді. Паралимпиада және басқа да кешенді халықаралық жарыстарда олардың үлесі 38%-ға дейін болуы мүмкін. Оларды делегация құрамына енгізу – былтыр күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң аясындағы реформалардың тағы бір нәтижесі. Спорттық медицина мамандарына да ерекше мән беріліп отыр. Дәрігерлер, массажшылар және басқа да медицина қызметкерлерінің үлесі жазғы Олимпиада делегациясында 28%-ға дейін, ал басқа жарыстарда 23%-ға дейін болуы мүмкін.
Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттері делегация құрамына жазғы ойындарда 13%-ға дейін, ал қысқы ойындарда 40%-ға дейін өз өкілдерін енгізе алады. Олимпиадалық даярлау орталықтары, спорт федерациялары және басқа да жауапты ұйымдар өкілдері үшін бұл көрсеткіш жазғы Олимпиадада 12%-ға дейін, қысқы ойындарда 20%-ға дейін белгіленген.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін квота жазғы Олимпиадада 6%-ды, ал қысқы ойындарда 12%-ды құрайды. Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – спорттық делегациялардың оңтайлы құрамын қалыптастырып, спортшылардың жарыстарға сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасау және ұлттық құрамаларға халықаралық аренада тиімді қолдау көрсетуді қамтамасыз ету.
Оқи отырыңыз: Үкіметте Alatau City-дің негізгі жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды