Қазақстанда аңшылық және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы реттеу күшейеді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жануарларға қатыгездік танытқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс екінші оқылымда жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) енгізілетін ілеспе түзетулері қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, қолдан немесе жартылай ерікті жағдайларда өсірілген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды тіркеу тәртібін белгілеу қарастырылады. Бұл заңсыз ауланған жануарларды заңдастыруға жол бермеуге ықпал етеді. Сондай-ақ осы салағы қоғамдық бақылау күшейтіледі.

"Заң бойынша аң аулау кезінде түнгі көру құралдарын, соның ішінде инфрақызыл, электрондық-оптикалық және тепловизиялық құрылғыларды пайдалануға, сондай-ақ қорықшының еріп жүруінсіз саңырауқұрлардың үйірге түсу кезеңінде жиналатын орындарында аң аулауға тыйым салынады", - делінген Мәжіліс хабарламасында.

Аң аулау және жануарлар дүниесін пайдалану қағидаларын бұзғаны, соның ішінде жабайы жануарларды, өсімдіктер мен олардың дериваттарын, соның ішінде ақбөкен мүйіздерін заңсыз жарнамалағаны, тасымалдағаны, сақтағаны және өткізгені үшін жауапкершілік артады.

Бұдан бөлек, инфрақұрылым объектілерін орналастыру және пайдалану кезінде жануарлардың мекендейтін ортасын, өріс аудару жолдарын сақтау және олардың құрып кету қаупіне қатысты талаптар белгіленеді. «Электр желілеріндегі құстарды қорғау құрылғылары» ұғымы енгізіледі.

Жануарларға қатыгездік танытқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді. Заң жобалары бойынша жұмыс барысында депутаттар экологиялық талаптарды сақтай отырып, жекелеген аумақтарда ірі туристік жобаларды іске асыру мүмкіндігін, сондай-ақ Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына сүректі терең өңдеу және орман өрттерінің салдарын жою жөніндегі жобалар үшін ұзақ мерзімді орман пайдалану құқығын беруді көздейтін түзетулер енгізді.

Қосымша ретінде қорықшылар мен аңшылық шаруашылықтары басшыларының әкімшілік құқықбұзушылықтардың жолын кесу бойынша өкілеттігі кеңейеді, экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркелген автоматтандырылған мониторинг жүйелерімен бақылау күшейтіледі.

Оқи отырыңыз: Ресейден алғашқы жолбарыстар Қазақстанға жеткізілді

Новости партнеров