Платформа жеке және заңды тұлғалардың пайдалануына арналған
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры QazaqCreative бірыңғай цифрлық платформасын іске қосты. Жаңа цифрлық платформа креаторларға мемлекеттік қолдау тетіктерін бір жүйе арқылы пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Платформа жеке және заңды тұлғалардың пайдалануына арналған. Олардың қатарында авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер және өзге де креаторлармен қатар, шығармашылық студиялар, бірлестіктер, агенттіктер, продюсерлік орталықтар мен креативті индустрия саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар.
Енді креативті индустрия өкілдері www.qazaqculture.com порталындағы QazaqCreative бөлімі арқылы тіркеліп, жеке кабинетін ашып, платформадағы цифрлық сервистерді пайдалана алады.
Тіркеуден өткен пайдаланушылар өз профилін басқаруға, жобалары мен көрсететін қызметтері туралы ақпарат орналастыруға, хабарламалар алуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға өтінім береді.
QazaqCreative платформасында грант бағдарламалары, жобаларды қаржыландыру тетіктері, білім беру және акселерациялық бағдарламалар, консультациялық, сараптамалық, ақпараттық әрі цифрлық қолдау құралдарына дейінгі ақпарат ұсынылады. Сондай-ақ пайдаланушылар байқауларға, питчинг сессияларына, форумдарға, көрмелерге және өзге де салалық іс-шараларға қатыса алады.
Платформаға тіркелу үшін www.qazaqculture.com порталындағы QazaqCreative бөліміне өтіп, тіркеу нысанын толтырып, қажетті мәліметті енгізу қажет. Модерациядан өткеннен кейін пайдаланушының жеке кабинеті ашылады.
Платформа еліміздегі креаторлардың өнімдері мен қызметтеріне қызығушылық танытқан көпшілікке де арналған.
QazaqCreative платформасы Қазақстанның креативті экономикасының жетілдірудегі бірегей бастама болмақ. Алдағы уақытта Креативті индустрияларды дамыту қоры еліміздегі креаторларды қолдау, шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту, саладағы жобаларды ілгерілету және ұлттық креативті индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда егін орағы науқаны басталды