Қазақстандық диқандар биыл жоғары өнім алып жатыр

Жиын-терім науқаны тамыздың үшінші он күндігінде басталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда биыл егіс өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда артты. Құрғақ әрі ыстық ауа райына қарамастан, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 16,4 центнерді құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 14,8 центнер болған, деп хабарлайды Almaty.tv  Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен күзгі егіс жұмысы жөніндегі жедел штаб отырысында айтылды.

Бүгінде 1,9 млн гектар немесе дәнді дақылдар алқабының 12,5%-ы жиналып, 3,2 млн тонна астық алынған. Үкімет өкілі мұны агротехнологияларды сақтаудың нәтижесі деп бағалады.

«Біз агротехнологияларды сақтаудың нәтиже беретінін көрдік. Егін жинау басталған осындай құрғақ жазда да орташа өнімділік 16,4 ц/га-ға жетті. Ал бұрын орташа есеппен 11-12 ц/га болған», – деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Майлы дақылдардың да өнімділігі артқан. Қазір оның әр гектарынан орта есеппен 10,5 центнер өнім жиналуда. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,4 центнер болған.

Сонымен қатар 214 мың тонна картоп, 628,6 мың тонна көкөніс және 506,9 мың тонна бақша дақылы жиналды.

Биыл егін жинауға қажетті техниканың дайындығы 97%-ға жетті. Науқан басталғанға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Шаруалар жеңілдікті лизинг бағдарламасы арқылы алған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн да жұмыстарға жұмылдырылады.

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жоспарланған тыңайтқыштың 83%-ы немесе 1,9 млн тоннасы жеткізілді. Егін жинауға 401 мың тонна дизель отыны бөлініп, оның 65,8 мың тоннасы өңірлерге жөнелтілді. Дизельдің бір литрі негізгі астық егетін өңірлердегі шаруалар үшін 305-310 теңге көлемінде белгіленген, бұл нарықтық бағадан шамамен 10%-ға төмен.

Отырыста қант өндірісін дамыту мәселесі де қаралды. Көксу және Тараз қант зауыттарында өндірістік қуатты арттыру бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2027 жылға қарай Ақсу зауытының қуатын тәулігіне 4,5 мың тоннаға, Көксу зауытының қуатын 5 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

2025 жылы Қазақстанда 171,9 мың тонна қант өндірілді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға көп. Ал биылғы қаңтар-маусым айларында 76,9 мың тонна қант өндірілген.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Астанада 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынады