Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өзгере ме

17.09.2026 13:43

Азамат Әмриннің айтуынша, ең төменгі жалақыға қатысты есептеулер жүргізілген

Almaty.tv

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру мәселесі қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтайда өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Брифинг барысында журналистер алдағы үш жылда ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңге деңгейінде қала ма деп сұрады. Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі талқыланған болатын.

Азамат Әмриннің айтуынша, ең төменгі жалақыға қатысты есептеулер жүргізілген.

«Негізінен есептеулер бар. Бұл мәселені Құрылтайда талқылайтын боламыз. Қандай шешім қабылданғанын айтамыз», – деді ол.

Ал Құрылтай депутаты Татьяна Савельева ең төменгі жалақы мәселесі 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде қаралатынын жеткізді.

Оның айтуынша, заң жобасының бірінші оқылымы 14 қазанға жоспарланған. Бірінші оқылымға дейін бюджет шығыстары, кірістері және негізгі параметрлері қаралады.

«14 қазаннан кейін салыстырмалы кестені талқылауға көшеміз. Құрылтай депутаттары ең төменгі жалақыға қатысты мәселені көтеріп жатыр. Оны 14 қазаннан кейін қарайтын боламыз», – деді Савельева.

Осылайша, ең төменгі жалақының 2027 жылдан бастап қандай мөлшерде болатыны әзірге нақты бекітілген жоқ. Бұл мәселе республикалық бюджет жобасын талқылау барысында нақтылануы мүмкін.

Оқи отырыңыз: СҚО-да бірнеше көл кәсіпкерлерге пайдалануға берілмек

Толық көрсету