Қазақстанда есірткіге қарсы күрес күшейтілді - ІІМ

02.07.2026 20:12

Министрлік интернет арқылы жүргізілетін есірткі бизнесіне қарсы шаралардың да күшейтілгенін атап өтті

Қазақстанда есірткі саудасына қарсы күрес күшейтілді. Жыл басынан бері 6 мың заңсыз интернет-сайт пен қылмыстық әрекеттерге қатысы бар 9 мың банк картасы бұғатталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі бірінші жартыжылдықтағы жұмысты қорытындылау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ведомство мәліметінше, алғашқы алты айда заңсыз айналымнан 7 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Сонымен қатар 15 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілген. 

Министрлік интернет арқылы жүргізілетін есірткі бизнесіне қарсы шаралардың да күшейтілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде 6 мың заңсыз сайт бұғатталып, «Антифрод-орталықтың» көмегімен қылмыстық әрекеттерге қатысы бар 9 мың банк картасының жұмысы тоқтатылды.

«Бүгінде есірткі қылмысына қарсы күрес мемлекеттік деңгейде 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатыр. Алғаш рет Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына медиа саласының танымал өкілдері, атақты спортшылар, дін, мәдениет және қоғам қайраткерлері енгізілді. Осындай кеңестер еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы әртараптандырылған даму моделіне көшіп келеді - сарапшылар