Еліміздің экономикасы сандық өсімнен сапалы өсімге бет бұрған
Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен біртіндеп арылып келеді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, ел инвестиция, өңдеу өнеркәсібі, логистика және қызмет көрсету салаларына сүйенетін жаңа экономикалық даму моделін қалыптастырып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
World Impact Media Organization ұйымының зерттеуіне сәйкес, соңғы жылдары экономиканың өсіміне шикізат секторы емес, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, логистика және сауда салалары негізгі үлес қосқан. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, биылғы алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,5 пайызды құрады. Оның ішінде құрылыс саласы – 13,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 9 пайызға, логистика – 8,4 пайызға, ал сауда 5,6 пайызға өскен.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, Қазақстан экономикасы сандық өсімнен сапалы өсімге бет бұрған.
«Біз экономикалық өсімнің сандық көрсеткішінен сапалық өсімге бет бұрдық. Қазір экономика бұрынғыдай мұнай бағасының есебінен емес, өңдеуші өнеркәсіп, логистика, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуы арқылы өсіп келеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.
Сарапшылардың мәліметінше, елге тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. Былтыр Қазақстан экономикасына 20,5 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бір жылда 14,4 пайызға өскен.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, инвестиция көлемінен бұрын оның ел экономикасына беретін нақты пайдасына мән беру маңызды.
«Инвестициялар, ең алдымен, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, елде салық төлеуге бағытталуы керек. Егер шетелдік компаниялар өз мамандарын алып келсе, 2-3 жылдың ішінде олардың орнын қазақстандық кадрлар басатындай талап болуы қажет. Яғни, елге келетін инвестициялар, ең алдымен, Қазақстанның мүддесіне қызмет етуі тиіс», – деді экономист Мақсат Халық.
Сарапшылардың пікірінше, экономиканың әртараптандырылған моделіне көшу Қазақстанның жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз қалайды.
Оқи отырыңыз: Астанада сирек кездесетін металдарды зерттейтін ғылыми орталық ашылады