10 қараша – Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күні
10 қараша – Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күні. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы ғылыми-зерттеу саласындағы қызметкерлер саны 28 374 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайыз артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың 41,8 пайызы ғылыми дәрежесі бар, ал зерттеушілердің 47 пайызын 40 жасқа дейінгі жас мамандар құрайды. Елімізде ғылыми қызметпен 434 ұйым айналысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданып, инновацияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ технологиялық дайындық деңгейлерін біріздендіретін СТ РК 4047-2026 ұлттық стандарты енгізілді. Жаһандық инновациялық индексте Қазақстан 139 елдің арасында 73-орынға көтеріліп, Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап қалды.
Ғылым мен өндірісті ұштастыру мақсатында ірі кәсіпорындармен бірлесіп 33 ғылыми-технологиялық сессия өткізіліп, 180-нен астам шешім прототипі әзірленді, ал коммерцияландыру бағдарламасы аясында 386 жоба қолдау тауып, 291 жоба өнімін нарыққа шығарды.
Сонымен қатар жас ғалымдарды қолдау мақсатында гранттық конкурс нәтижелері бойынша зерттеушілердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы талап етіліп, жеңілдетілген несиелер мен өтеусіз пәтерлер беру арқылы 800-ден астам жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді.
Оқи отырыңыз: Президент қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармаларға қатысты пікір білдірді