Жылу беру деңгейі сырттағы ауа температурасына қарай реттеледі
Қазақстанда климаттың жылынуына байланысты жылыту маусымының басталу және аяқталу уақыты қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, кей күндері үйлерге қажетті мөлшерден артық жылу беріледі. Пәтер іші ысып кеткен соң тұрғындар терезесін ашуға мәжбүр болады. Осылайша үйді жылытуға арналған энергияның бір бөлігі далаға кетіп, жылу тиімсіз жұмсалады.
"Кейде үйді емес, ауаны жылытып жатқандай боламыз. Пәтерлер ыстық болғандықтан, адамдар терезесін ашады. Осылайша жылу сыртқа шығып кетеді", – деді министр.
Қазір жылу беру деңгейі сырттағы ауа температурасына қарай реттеледі. Егер алдағы уақытта күн райы жылы бола берсе, жылыту маусымының басталу және аяқталу мерзімі де қайта қаралуы мүмкін.
Ерлан Ақкенженов Астанадағы биылғы ауа райын мысалға келтірді. Қараша айының ортасы жақындаса да, елордада тұрақты қар әлі түспеген. Ауа температурасы небәрі минус 5 градусқа дейін төмендеген. Ал бұған дейін осы мезгілде минус 10-15 градус аяз болады деп болжанған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жылыту маусымы штаттық режимде өтуде