Қазақстанда бірнеше қылмыстық топтың жолы кесіліп, 325 келі есірткі тәркіленді - ІІМ

polisia.kz
polisia.kz

Министрлік есірткі қылмысына қарсы күресті үздіксіз жүргізіп жатыр

 

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидаты бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ел аумағында синтетика өндірісі бойынша ірі есірткі зертханасы және 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, есірткі өткізудің 118 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 325 келі есірткі тәркіленді, оның жартысын синтетика құрайды.

Қостанай қаласында ерлі-зайыптылар ұсталып, олардың пәтерін тінту кезінде 360 грамм мефедрон психотроптық заты тәркіленді.

Шымкент қаласында 20 жастағы жігіт ұсталып, одан жарты келіден астам мефедрон синтетикалық есірткісі тәркіленді.

Сонымен қатар ойын-сауық мекемелерінде тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізіледі.

Мәселен, Алматы қаласында түнгі клубтардың бірінде синтетикалық есірткіні жұмыс орнында өткізуді жолға қойған аспаз ұсталды.

"Барлық фигурант уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап тізбесі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін еске саламыз", - деп ескертті полиция өкілдері.

Тізбеге сәйкес, тұтынушыға қысқа мерзімді эйфория беретін "көңіл көтеретін газ" деп аталатын азот оксиді күшті әсер ететін заттарға жатады. Бірқатар өңірде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері азот оксиді бар металл баллондарды заңсыз тасымалдау мен сақтаудың үш фактісін тоқтатты.

Мысалы Астана - Петропавл автожолында автокөліктен көлемі 10 литр болатын үш баллон табылды, Алматы қаласында екі лаундж-барда көңіл көтеретін газы бар 16 металл баллон тәркіленді.

Барлық факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды. Дәрігердің нұсқауынсыз азот оксидін тұтыну елеулі қауіп төндіреді. Өткен жылдары өлім фактілері де тіркелген.

Ішкі істер министрлігі "күшті әсер ететін заттардың" заңсыз айналымы үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша жұмыс жалғасуда.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы ең сұранысқа ие мамандықтар мен жоғары жалақылар қандай 

Новости партнеров