Қазақстанда әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тетігі енгізіледі

27.08.2026 16:24

Жоба әзірге пилоттық режимде жүзеге асырылады

Depositphotos.com

Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы еңбек ететін әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жаңа жоба іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен хабарлағандай, жобаның негізгі мақсаты – қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйел курьерлерге қажетті әлеуметтік көмекке қол жеткізуге жәрдемдесу. Қолдау әр қатысушының өмірлік жағдайы мен отбасының қажеттілігіне қарай жеке анықталады.

Жоба аясында әйелдердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беру, қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға жәрдемдесу, сондай-ақ білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік жасау көзделген.

Қажет болған жағдайда қатысушыларға құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ медициналық қызметтерді алуға жәрдемдесу қарастырылады.

Әлеуметтік қолдауға басымдық берілетін санаттарға балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын әйелдер жатады. Әр өтініш жеке тәртіппен қаралады.

Жоба әзірге пилоттық режимде жүзеге асырылады. Оған цифрлық платформаның жеткізу сервистері арқылы жұмыс істейтін және кемінде төрт апта еңбек тәжірибесі бар әйел курьерлер қатыса алады. Сонымен қатар қатысушының қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болуы ескеріледі.

Бастама арқылы әйелдердің қажеттіліктерін зерделеп, әлеуметтік көмектің тиімділігін бағалау жоспарланып отыр. Жоба нәтижелері болашақта қолдау тетіктерін жетілдіруге және кеңейтуге негіз болады.

Бұл бастама цифрлық еңбек нарығының дамуына байланысты азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және жаңа форматта табыс тауып жүрген әйелдерге қажетті қолдауды қолжетімді етуге бағытталған.

Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылы: ІІМ ата-аналар мен ұстаздарға үндеу жолдады

Толық көрсету