Қазақстанда әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлету жұмыстары жалғасып жатыр
Елімізде алма бақтарының аумағы 26,2 мың гектарға жетті
Қазақстанда алма өндірісін арттыру, жеміс сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлету жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар отандық бағбандықты дамытуға және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр еліміздегі алма бақтарының жалпы аумағы 26,2 мың гектарға жетіп, 205,2 мың тонна өнім жиналды. Әр гектардан орта есеппен 83,9 центнер алма алынған.
Бақтардың басым бөлігі Түркістан облысында орналасқан. Мұнда алма бақтары 13,4 мың гектарды алып жатыр. Алматы облысында бұл көрсеткіш 6,3 мың, Жетісу облысында 3 мың, Жамбыл облысында 1,4 мың гектарды құрайды.
Қазір ішкі нарықтағы алма сұранысының 74%-ы отандық өндіріс есебінен өтеледі. Өндіріс көлемін ұлғайту импортқа тәуелділікті азайтып, халықты жергілікті өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бағбандарға қандай қолдау көрсетіледі?
Мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бірқатар шығынды өтеу арқылы қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алу шығындарының 60%-ына дейін, көшет құнының 50%-ына дейін, суару суына жұмсалған қаражаттың 85%-ына дейін өтеледі.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығындарының 30%-ына дейін, суару жүйелерін салу және кеңейту шығындарының 80%-ына дейін субсидия беріледі. Кемінде 5 гектар жерге қарқынды алма бағын отырғызуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 40%-ына дейінгі бөлігі де өтеледі. Сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын жеміс сақтау қоймаларын салу және кеңейтуге кеткен шығындардың 40%-ына дейін мемлекет қолдау көрсетеді.
«Апорт» алмасын қайта түлету жұмыстары жалғасуда
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақ бағбандығының символына айналған «Апорт» сортын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта сапалы көшет өсіруге, аналық ағаштарды сақтауға және осы сорт егілетін бақтардың аумағын кеңейтуге басымдық берілген.
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің Талғар өңірлік филиалы өткен жылы 2 080 көшет өсіріп, 10 гектар жерге «Апорт» алма бағын отырғызды. Биыл да көшет өсіру, аналық ағаштарды күтіп-баптау және жаңа бақтардың жай-күйін бақылау жұмыстары жалғасты.
Алдағы уақытта «Апорт» көшеттерін көбейту, тұқымдық қорды сақтау, көшет өсіру технологияларын жетілдіру және осы сортты өсіретін фермерлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Алма өңдеу саласында да өндіріс бар
Алма шаруашылығының дамуы өнімді өңдеу саласына да ықпал етіп отыр. 2025 жылы Қазақстанда 19,6 миллион литр алма шырыны өндірілді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 12,6 миллион литр болды.
Жалпы, алма шаруашылығын дамыту көшет өсіруден бастап өнімді жинау, сақтау және өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мемлекеттік қолдау мен ғылыми зерттеулерді ұштастыру отандық өндірістің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ал «Апорт» сортын қайта түлету ұлттық бағбандық мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыда Тау Самалы шағынауданының 6 мыңнан астам тұрғыны орталық су жүйесіне қосылады