Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Үкімет құрамымен алғашқы отырысты өткізді
Жасанды интеллект Қазақстандағы еңбек нарығын өзгертіп жатыр. Алдағы жылдары мәтінді өңдеуші мен теруші, деректерді енгізу қызметкері және корректор секілді бірқатар кәсіп жойылады. Мұндай деректі Үкіметте Еңбек министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Үкімет құрамымен алғашқы отырысты өткізді. Ол командасына қосылған төрт ведомство басшысын жеке таныстырып, Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтан ант қабылдады. Одан кейін көп күттірмей күн тәртібіне ойысты. Жұмысшы мамандықтар бойынша кадр даярлау туралы баяндаманы бірінші болып Оқу-ағарту министрі жасады. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, колледждерде оқып жатқан мамандар саны еңбек нарығының сұранысына сай емес. Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында кадр тапшы екен.
«Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік бар. Ал бұл бағытта бүгінгі таңда 22 мың студент білім алуда. Ауыл шаруашылығында 73 мың маман қажеттілік бар. Білім алушы студенттер саны 12 мың азаматты құрайды. Бұл сұраныстан 5,7 есеге аз екендігін атап өткіміз келеді. Аталған алшақтық мемлекеттік тапсырысты өңірлер мен салалық кадрлар қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуді талап етеді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Сүлейменова жұмысшы кадрларын даярлау тәсілі жаңартылып жатқанын жеткізді. Еңбек нарығында сұранысы төмен мамандықтар қысқартылып, жаңа бағдарламалар енгізіліп жатқанын айтты. Студенттердің өндірістік тәжірибесін арттыру үшін кәсіпорындармен байланыс күшейген. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қосылып жатыр екен. Жұлдыз Сүлейменовадан кейін сөз алған Еңбек министрі Асқарбек Ертаев сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды кәсіптік стандарттармен қамтамасыз ету қажет дейді.
«Стандарттарда цифрлық дағдыларды, Жасанды интеллект құралдарын қолдануды, BI-аналитиканы және кибер-қауіпсіздікті қамтитын міндетті Жасанды интеллект-компонент бекітілетін болады. Биыл кәсіптік стандарттармен 600-ден астам жұмысшы мамандық қамтылады. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының кәсіптік стандарттар талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексеру бойынша жұмыс басталды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев
Олжас Бектенов бүгін тағы бес министрдің есебін тыңдады. Олар әр салада кадр тапшы екенін айтып, мамандардың білімі мен дағдылары жұмыс берушілер талабына толық сай келе бермейтінін жасырмады. Баяндамашылардан кейін сөз алған Үкімет басшысы жауаптыларға жоғарыда аталған мәселені шешуді тапсырды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Орта және жоғары сыныптарда БЖБ мен ТЖБ кезең-кезеңімен жойылады - министр