Цифрлық активтерге қатысты төлем жүйелерін қадағалайтын бірыңғай үйлестіру комитеті құрылады
Қазақстанда криптовалютамен QR арқылы төлем жасау жүйесі енгізіледі. Жаңа тетік 19 шілдеден бастап екінші деңгейлі банктерде кезең-кезеңімен іске қосыла бастайды. Соның арқасында криптоәмияны бар азаматтар цифрлық активтерін күнделікті тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге пайдалана алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар Ұлттық банк жанынан криптовалюта айналымы мен цифрлық активтерге қатысты төлем жүйелерін қадағалайтын бірыңғай үйлестіру комитеті құрылады. Жауаптылардың айтуынша, цифрлық активтер нарығының қарқынды дамуына байланысты саланы тиімді реттеп, бақылауды күшейту үшін арнайы құрылым қажет болған.
Қазір жаңа комитеттің құрылымы әзірленіп, оның қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер дайындалып жатыр. Жоспарға сәйкес, ол алдағы үш ай ішінде жұмысын бастайды.
«Комитет екі негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі – цифрлық активтер саласы, екіншісі – төлем жүйелері. Алдымен төлем жүйелеріне тоқталайын. Өздеріңіз білетіндей, бұл қаржы нарығының аса маңызды бөлігі. Күн сайын Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің жүйелері арқылы шамамен 6 триллион теңге көлемінде төлем жүзеге асырылады. Ел ішіндегі және трансшекаралық төлемдердің қауіпсіздігі мен заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін оларды тиімді қадағалап, реттейтін және бақылайтын нақты тетіктер қажет. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін арнайы комитет құру көзделіп отыр», – деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.
Бұдан бөлек, Ұлттық банк еліміздегі цифрлық активтер нарығын реформалауды жоспарлап отыр. Соның аясында Қазақстанда бұрын сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді ерікті түрде жария етуге мүмкіндік беретін арнайы құқықтық тетік енгізу көзделген. Бұл құжатты осы жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланып отыр.
«Құжаттың негізгі мәнін бір ауыз сөзбен айтсақ, қазақстандықтардың цифрлық активтері Қазақстанның игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Бұл шешімнің негізі де осы. Бүгінде әлемдік цифрлық активтер нарығының көлемі триллиондаған долларды құрайды. Осы капиталды, компаниялар мен білікті мамандарды тарту үшін АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Гонконг секілді жетекші елдер өзара бәсекеге түсіп жатыр. Қазақстан бұл саланы нөлден бастап жатқан жоқ. «Цифрлық активтер туралы» заң 2023 жылдан бері күшінде. Соның нәтижесінде бүгінде елде саланы толық қамтитын заманауи құқықтық реттеу жүйесі қалыптасты», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Оқи отырыңыз: Алматыда мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптары түсіндірілді