Қазақстанда курьерлер мен такси жүргізушілеріне ең төменгі сағаттық жалақы енгізу ұсынылды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Бибігүл Жексенбай негізсіз есептелген салық берешектері мен өсімпұлдарды автоматты түрде есептен шығару қажет екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенатта такси агрегаторлары мен жеткізу сервистерінде еңбек ететін 400 мыңға жуық қазақстандықтың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау мәселесі көтерілді. Депутат Бибігүл Жексенбай бұл санаттағы азаматтардың көпшілігі негізгі еңбек кепілдіктерінен қағылып отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv 

Оның сөзінше, бүгінде агрегаторлар арқылы табыс тауып жүргендерге ақылы еңбек демалысы, сырқаттану парағы, жұмыс уақытының нормасы мен ең төменгі жалақы секілді әлеуметтік кепілдіктер қарастырылмаған.

"Аталған салада жұмыс істейтін азаматтар іс жүзінде еңбек нарығының толыққанды қатысушысы болғанымен, олардың құқықтық мәртебесі нақты айқындалмаған", - деді сенатор.

Осыған байланысты депутат платформалық қызметте жүрген азаматтарға "платформалық жұмыспен қамтылған тәуелсіз жұмысшы" деген арнайы мәртебе беріп, олар үшін ең төменгі сағаттық еңбекақыны заңмен бекітуді ұсынды.

Сондай-ақ Бибігүл Жексенбай негізсіз есептелген салық берешектері мен өсімпұлдарды автоматты түрде есептен шығару қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, ол платформаларды аккаунттардың не себепті бұғатталғанын ашық түсіндіруге және тапсырыстарды бөлу алгоритмдерін жария етуге міндеттеу керек екенін жеткізді.

"Платформалық жұмыспен қамту саласында ашықтық пен әділдік болуы тиіс", - деді депутат.

Қазіргі уақытта аталған ұсыныстар алдағы талқылау үшін тиісті органдардың қарауына жолданды.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа шағын өнеркәсіптік парктер іске қосылады

 

Новости партнеров