Сарбаздар қызмет барысында 20-ға жуық сұранысқа ие кәсіпті тегін меңгере алады
Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Желтоқсанның соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық жігіт мерзімді әскери қызметке аттанады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың 12 мыңнан астамы Қарулы күштерге, 7 мыңы Ұлттық ұланға барса, 3 мыңы шекарада қызмет етеді. Ал 400-ден астамы Төтенше жағдайлар министрлігінде борышын өтесе, Мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуығы жіберіледі. Сарбаздар қызмет барысында 20-ға жуық сұранысқа ие кәсіпті тегін меңгере алады. Оның ішінде жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы сияқты мамандықтар бар. Сондай-ақ сарбаздар қызмет кезінде несие төлемін кейінге қалдырып, ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен оқуға түсе алады.
Айта кетейік, әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтері цифрландырылған. Азаматтар қажетті ақпаратты eGov арқылы онлайн ала алады.
«Бұл әскери шақыру науқанының ашықтығы мен мақсаттын арттырады. Хабарламаны алғаннан кейін азамат белгіленген мерзімде тіркелген жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге тиіс. 2026 жылдан бастап шақырулар цифрландырылған қызмет арқылы жіберіледі. Әскери комиссариатқа дәлелді себепсіз келмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапқа тартылады», – деді ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары Алмас Исабеков.
Оқи отырыңыз: Елімізде екі жылда 54 жаңа кен орны ашылды