Қазақстанда мәдениет және өнер саласын қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатыр

Аlmaty.tv / Виталий Фатчев
Аlmaty.tv / Виталий Фатчев

Соңғы бес жылда елімізде 274 мәдени нысан салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттікті нығайтуға, сондай-ақ дарынды, отансүйгіш әрі білімді жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі реформалардың маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Жаңа Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі маңызды норма бекітілген. Бұл мәдениет саласын дамытуға айрықша мән үстеп, қолдауды мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде айқындайды, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспвсөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, сала қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, шығармашылық білім беруді дамыту және жас таланттарды қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған шаралар мәдени қызметтер сапасын арттыруға, ұлттық мұраны сақтау мен отандық өнерді елімізде әрі халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеуге бағытталған.

Мәдени инфрақұрылымды дамыту

Мемлекет мәдени нысандар салу, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.

Соңғы бес жылда елімізде 274 мәдени нысан салынды, сондай-ақ тағы 1293 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 64 нысанның құрылысы жалғасын тауып, 130 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Театр инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінініп отыр. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық-драма театры, Түркістан қаласындағы музыкалық-драма театры және Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар қазір де жалғасуда. Бүгінгі таңда Ақтөбе және Қонаев қалаларындағы драма театрларында жаңа ғимараттар құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Шымкент қаласында опера театрының, Қызылорда қаласында драма театрының және Семей қаласында музыкалық-драма театрының құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қолданыстағы мәдениет мекемелерін жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.

Демеушілік қаражат есебінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да жөндеу және жаңарту жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, кіреберіс бөлігі қайта жаңғыртылып, залдар мен қызметтік үй-жайлар жаңартылды.

Музей және туристік инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы Астана қаласында жаңа Өнер музейі ашылды. Түркістан облысындағы «Сауран» және «Гауһар ана» визит-орталықтары мен Алматы облысындағы «Есік» визит-орталығының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Бозоқ көне қалашығының археологиялық қазба жұмыстары негізінде құрылған ашық аспан астындағы ұлттық парк аумағында ортағасырлық сәулет үлгісіндегі қоршау салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, демеушілік қаражат есебінен былтыр Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейдегі желдету және ауа баптау жүйелері жаңартылды.

Өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыс «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл бастама өз кезегінде ауылдық және өңірлік мәдениет ошақтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, халыққа көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2027 жылға дейін кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында 3 жаңа кітапхана салынды. Сондай-ақ 13 кітапханаға күрделі жөндеу, 64 кітапханада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және 197 кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Шығармашылық білім беру саласында да маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.

Сонымен қатар, Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Үш мамандандырылған музыкалық мектеп үшін жаңа ғимараттардың құрылысы пысықталуда: эскиздік жобалар дайындалып, ЖСҚ әзірлеу басталды.

Өңірлерде шығармашылық білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, Петропавл қаласында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігінің ашылуы пысықталуда. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жыл сайын 100 талапкерді қабылдай отырып, 9 білім беру бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау жоспарлануда.

Жалпы алғанда, бүгінде Астана мен Алматыда өнердің барлық бағыттары бойынша кадрлар даярлайтын 4 шығармашылық ЖОО жұмыс істейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Мәдениет және өнер факультеті базасында Шымкентте жаңа мәдениет және өнер университетін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кино және драматургия, кино және ТВ режиссурасы, графика, мультимедиа және медиа менеджментті қоса алғанда, мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлауға басты назар аударылмақ.

Шығармашылық жастарды қолдау үшін жыл сайын жоғары оқу орындарында оқуға 1000-нан астам грант және колледждерге 500-ден астам грант бөлінеді.

Оқи отырыңыз: 6 маусымда Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр

Новости партнеров