Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Мемлекеттік рәміздер мен тарихи мұраны насихаттау жұмыстары күшейтіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған тапсырмаларын орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады,  деп хабарлайды Almaty.tv.

"Күні кеше Мемлекет басшысы еліміздің өмірінде ерекше орын алған Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясын нәтижелеп, мемлекет пен халқымыздың болашағын айқындайтын зор міндеттер жүктеді. Алдымен, бұл мән-маңызы жағынан жаңа Атазаң қабылдаумен бірдей конституциялық өзгерістердің аясында ғана емес, жалпы Тәуелсіздік тұғырын одан әрі нығайтуды көздейтін тарихи белес", — деді Аида Балаева.

Вице-премьер Президент айқындап берген негізгі қағидаттар – «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжейлі реттеуге қатысты жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді.

Тағы бір маңызды мәселе – тарихи-мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО деңгейінде насихаттау. Президент бұған дейінгі Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл мәселеге ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы тапсырмасымен Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинация, Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. «Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданды.

Оқи отырыңыз: Президент тапсырмалары ауқымды саяси реформаның жалғасы болды - Олжас Бектенов

Новости партнеров