Қазақстанда «Наурыз» ипотекасы қашан іске қосылады

04.03.2026 12:27

«Наурыз» — өзгермейтін мөлшерлемесі 7-9 % болатын мемлекеттік ипотекалық бағдарлама

Аlmaty.tv

Жеңілдікті «Наурыз» ипотекасы Қазақстанда 10 наурыздан бастап іске қосылады. Өтінім қабылдау 31 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Krisha.kz-ке сілтеме жасап.

«Наурыз» — өзгермейтін мөлшерлемесі 7-9 % болатын мемлекеттік ипотекалық бағдарлама. Бағдарламаның операторы — Отбасы банк.

Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар

  • Қарыз алушыда және оның отбасы мүшелерінде (жұбайы, 18 жасқа толмаған балалары) соңғы 5 жылда жеке баспанасы болмауға тиіс.
  • Отбасы банкте кемінде 2 млн теңге жинағы бар депозит болуы керек. Депозит мерзімі маңызды емес.
  • «Наурыз» ипотекасының шарттары

    • Мөлшерлеме: 7% — әлеуметтік осал топтағылар үшін, 9% — қалған қатысушылар үшін.
    • Бастапқы жарна: 
      — 10% — әрленген (дайын) пәтерлер үшін; 
      — 20% — қара сылақпен әрленген немесе екінші нарықтағы пәтер үшін.
    • Несие сомасының лимиті: 
      — Алматы және Астанада 36 млн теңгеге дейін; 
      — өңірлерде 30 млн теңгеге дейін.
    • Несие мерзімі: 19 жыл.

    «Наурыз» арқылы қандай тұрғын үй алуға болады?

    Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы баспана, оның ішінде ҚТК кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үй кешендері.

    Өңірлер мен моноқалаларда — бірінші және екінші нарықтағы тұрғын үй, соның ішінде жер үй.

    Облыс орталықтары: Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Қонаев, Павлодар, Петропавл, Семей, Жезқазған, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен.

    Қалай өтінім беруге болады — нұсқаулық

  • Отбасы банк сайтына кіріп → Baspana Market бөліміне өтіп, авторланыңыз.
  • «Менің өтініштерім» мәзірінен «Наурыз» бағдарламасын таңдап, «Өтініш беру» батырмасын басыңыз.
  • Пәтер сатылатын және тұрғыңыз келетін өңірді таңдап, шарттармен келісіп, жалғастырыңыз.
  • Депозитті таңдаңыз, келісіңіз және SMS-кодты енгізіңіз.
  • Деректеріңізді тексеріп, растаңыз.
  • Банк тұрғын үйдің бар-жоғын және статусын тексереді, бұл 3 жұмыс күніне дейін созылады.
  • Тексерістен кейін өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз.
  • Маңызды! Өтінім тек жұмыс күндері 9:00-ден 21:00-ге дейін қабылданады.

    Қалай дайындалу керек?

    Өткен бағдарламаларға қарасақ, «Наурызда» депозиттегі жинақ шешуші рөл атқарады. Отбасы банк депозитке сыйақы береді.

    Сыйақы көп ұпай алуға көмектеседі, несие алуға өтінім жіберу кезеңіне өту мүмкіндігі жоғары болады.

    Қанша төлеу керек?

    «Наурыз» ипотекасы екі кезеңнен тұрады:

    • Алдын ала қарыз — 8 жыл. Төлем жоғары болады: қаражаттың бір бөлігі пайызға, қалғаны депозитке жинақ ретінде түседі.
    • Тұрғын үй қарызы — 11 жыл. Депозитте тұрғын үй құнының 50%-ы жиналған соң мөлшерлеме төмендейді және ай сайынғы төлем азаяды.

    Оқи отырыңыз: Қазақстанда 27 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген